Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  282


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАЙРАН БАУЫР

Талқы мен тездiң туысы –
тауқымет тасы мың батпан,
қабырғасы әлі қатпаған,
ақыл тiсi әлі шықпаған
ернiнен уызы кеппеген,
өз қолы өз аузына жетпеген,
қарымы қорам, құлашы тұтам,
тартысқа түсiп, тайғақты кешiп көрмеген
бүлдiрген жүрек баланың
тауанын шағар ма екен деп,
жығасын жығар ма екен деп,
қарайлай берем соңыма.
Қарайлай берем,
қулығына құрық бойламас,
қолқасын қырау қымтаған,
қармағы қанды, қаймана,
құдыретi болса қолында
тағдыр бiткендi шотына салып шығарып,
Жер шарын дағы таразыға тартып бағатын,
қарбыздай тiлiп, қабығын жарып көретiн,
жүрiсi сұйық, жүрегi суық бiреулер,
қолымен оның от көсеп,
қағаздан аппақ көңiлiн
қарадан-қарап кiрлетiп кетер ме екен деп...
Қайран бауыр!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу