Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  341


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ШОҚАН МЕН ДОСТОЕВСКИЙ

Еркелеп аққан Ертiстiң жағалауында,
Екеуден екеу ұрынып қалып жауынға,
Малмандай болған Шоқан мен Достоевский
Бұрыла салды бүйiрде жатқан ауылға.
Жарқабақ бойын жағалай бiткен тал-шiлiк
Жалтаң көз болды жауынға тұтас малшынып.
Өзеннiң бетiн басты да кеттi аппақ бу,
Аяқ астынан ақ жұмыртқадай аршылып.
Беттедi бұлар берiрек тұрған бiр үйге,
Бойкүйез иттер пейiлсiз шықты үруге.
– Қонақтар келдi!
– Төрлетiңiздер!
Бой тартып,
Достоевский бөгеле бердi кiруге.
Есiктен сосын еңкейiп барып бас сұқты,
Үй iшiне де үйрендi көзi, бастықты.
Шоқанға жақын шалғайлас орын ұсынған,
Шалды да көрдi шынтақтап жатқан жастықты.
Киiз үй iшi төрiне сырмақ төсеген,
Жарқырап кеттi ошақтағы оттан көсеген.
– Мал алдырт, кемпiр,
келдi ғой күткен кiсiлер,
Құмалағыма көрiндi деп ең кешеден...
Достоевский түсiнбесе де
Түсiндi,
Малдасын құрып отыра да алмай қысылды.
Жандарал ма деп жасқанар жорта сыңай жоқ,
Сабырлы кемпiр сапырып қымыз ұсынды.
Осы бiр сәтте сырттағы жаңбыр басылып,
Түрiлдi iрге,
Түндiк те түгел ашылып,
Көзұшы сонау Ертiстiң арғы бетiнде,
Кемпiрқосақтың кермесi тұрды асылып.
Ошақтағы оттың ойнақтап жатқан жалқыны,
Керсенге түсiп,
Қымызбен бiрге қалқыды.
Шоқаннан шыққан француз иiсмайы емес,
Жұпарын шашып жалбыздың иiсi аңқыды.
Көргенде қонақ түрiлген үйдiң iргесiн,
Еске алды кенет Тобылдың торкөз түрмесiн.
Кереге торлы, терезе торлы,
Бәрi – тор...
– Кәпірдің қымыз iшiне жақпай жүрмесiн...
Кеседен Шоқан сыздықтай жұтып сәнменен:
– Федор Михайлович,
бұл өзi нағыз бал! – деген.
– Геродот жазған атақты қымыз осы ғой,
«Жасарып жаның, жадырайды деп бар денең...»
Iлулi тұрған қобызды қария қолға алып,
Ысқышын сипап отырды үнсiз толғанып.
Қонақ та ендi құмарта iштi қымызды,
Басында бiрер ұрттаған едi зорланып.
«Бес жылдан берi келiп ем жұтып у талай,
Бұйырып бұл дәм, бал iштiм мiне, бұл қалай?
Сергiтер жанды сиқырың бар-ау бойыңда,
Абылай ханның алтын жүректi ұрпағы-ай!..»
Демiмен шарпып,
Дегдiтiп дархан даланы,
Аңқылдай естi Семейдiң салқар самалы,
Шу ете қалды ауылда иттер таласып,
Бiр ақбоз құлын аулақта шауып барады.
Құйрықты қойды жетелеп келiп бiр жiгiт,
Есiктен қарап алақан жайып тұр күлiп.
Бәрi де таңсық, бәрi де бұған бейтаныс.
Бәрiн де бұған жасап жатқандай қыр қылып.
Дастархан толы – белгiсiз алуан-түрлi дәм.
Жайдары Шоқан, ақпейiл қария, нұрлы маң.
Сабырлы жүздi ақ кимешектi ақ кемпiр,
Сiңiрлi қолмен ұсынып қымыз тұр бұған.
Кешiкпей қарт та кезектi бердi ән-жырға,
Қобыздың үнi ұқсады мұңлы тағдырға.
Қуанышы да, қайғысы да еркiн неткен ел,
Даласы – әнге,
Бұлттары толы жаңбырға!
Петербургте айырылған азаттығымен,
Семейде сергiп табысқаны ма шынымен?
Тайсалған тұтқын тамсана жұтып қымызды,
Еркiндiк дәмiн сезгендей болды тiлiмен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу