Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  48


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ШАЯХМЕТ

Шаяхмет тақыр басты, быртық бет,
Арам шөптi күрегiмен қырқып кеп,
Екi иiнiнен демiн алып ентiгiп,
Айғайлайды: – Iркiт қайда, iркiт? – деп.
Дәл өзiндей тақыр басты, быртық бет,
Ұлы жеттi:
– Әке, мiне, iркiт, – деп.
Желпiлдеген баласына жекiдi:
– Не ғып жүрсiң әр тақтаны түртiп? – деп.
Жекiгенге бала бүгiн жаси ма,
Ақ торсықтың аузын жайлап ашуда:
– Күрек деген қалды емес пе модыдан,
Мiнсеңшi, әке, жаңбырлатқыш машина!
Шаяхмет:
– Тақылдама, тек, – дедi,
Қай сасқаны күрегiмдi сөккенi?..
Сонау жылы,
сен iштесiң,
бұл көкең
Күрекпен-ақ орден алған жоқ па едi?..
Оған жетер еш мәшине жоқ, тегi,
Мәшинең де, жаңбыр да бiр көктегi,
О несi-ей?! – деп қолына алып кесенi,
Оңтайланды толы iркiттi төккелi.
– Сонау жылдар жетiле алмай тарықтық
Жарылқаған осы Жер ғой қарық қып, –
Шаяхмет шашты iркiтiн арыққа, –
Бiзден бұрын Жер iшсiншi, жарықтық?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу