Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  70


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАН ҚҰЮ СТАНЦИЯСЫНДАғЫ ҚОЛТАҢБА

Әбдiкәрiм Ахметовке
Дәрiгер бүгiн тағы да
Болғаннан кейiн құйып қан.
Ақынның келдi жанына
Әзiлдей күлiп миықтан:
– Сұрланып келiп едiңiз,
Нұрланып, мiне, тұрдыңыз.
«Жасарып қалдым» дедiңiз,
Бiз онда сiзбен құрбымыз.
Жаздырсын жарқын өлеңдi
Құйдырған жаңа қаныңыз.
Тағы бiр рет...
Ал ендi,
Қолтаңба бере салыңыз...
– Мен дайын!
Қолын бұлдар кiм?..
Бiр қарап қалам ұшына,
Созды ақын қолын
Журналдың
Қыз нұсқап тұрған тұсына.
– Қолтаңба маған сөз емес,
Сен үшiн берем қолтаңба.
Қойды ақын қолын
Өзi емес,
Дәрiгерлер жазған сол «томға»...
Қалжыңдап жатыр:
– Ал құрбым,
Тойыңа барам жақында...
Жетер ме күшi аурудың
Қолтаңбасы бар ақынға!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу