Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  73


Автор: Ұлықбек Есдәулет

КҮЛКI МЕН ҚАСIРЕТ

...Ауыстырар актер болмай оңтайлы,
Серке бүгiн өзi ойнады Қоңқайды.
Байғұс Қоңқай қол қусыра қалбақтап,
«Ақтоқтым ба, хазiрет?» деп аңқайды.
«Мен адаммын қатынынан жүрегi,
Шайлыққан!» – деп күрсiнсе – жұрт күледi.
Қайтсын елдi қырып салмай Қоңқайдың
Шүйiрмек ерiн, жыпық көздi сүреңi.
Сар күпiсiн сiлкiп тастап жотаға,
Күпсiнiп бiр қызыл сөздi қотара:
«Жұрт Қоңқайдың қаптады, – деп, – тойына!»
Қалшияды:
«О, тоба, – деп, – о, тоба!»
Қыран-топан қалың күлкi буынды ап,
Құшырлана қол соқты жұрт дуылдап.
Қарт Серкенiң жаны жылап тұрғанын,
Қайдан бiлсiн қамсыз қалың шуылдақ?!
Күркiредi күлкiнiң де толқыны,
Басылмады шапалақтың солқылы...
Қасiретiн сезбедi ешкiм,
Серкенiң...
Ұлы қайтыс болған едi сол күнi!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу