Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  72


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ШЕЛЛИДIҢ ҚАЗАСЫ

Тып-тымық теңiз.
Толқынның да жоқ төбесi.
Қирады қалай – «Ариэль» – Шелли кемесi?
Жанын жеп Байрон жан досын iздеп жеткенде,
Жағада жатты Шеллидiң жансыз денесi...
Аһ ұрды Байрон айырылып кейiп-кеспiрден,
Соққыдан сұмдық сенделiп барып ес кiрген.
Марқұмның жұрты атқарып ақтық борышын –
Мүрдесiн отқа өртедi ескi дәстүрмен.
Шырт еттi шақпақ.
Шалды от Шелли сүйегiн,
«Бақұл бол, бауырым!..
Басымды мәңгi иемiн...»
Алаулай жанды аяулы ақын мүрдесi,
Булықты Байрон көз жасы жуып иегiн.
Еңсесiн езiп,
Сығады сөлiн сұм қайғы,
Улайды бiр ой:
«Есiл ер екi тумайды...»
«Шындықтан өзге құдай жоқ» деген Шеллидi
Еш декан ендi университеттен қумайды.
«Құдайсыз құлды қуырдақ қылсаң да –
Құнсыз деп,
«Дiнсiздiң болар тәрбиесi де дiнсiз» деп,
Шиеттей екi баласын тартып алғандар,
Жәдiгөй жүзбен жабыққан болды үнсiз кеп.
Өксiдi Байрон өртенгендейiн өз басы,
Кiрпiктен бетiн күйдiрiп ақты көз жасы.
Бажыған әлем,
Байронмен бiрге боздашы,
Қажыған жүрек,
Қаралы күйдi қозғашы:
«Көзiңдi аш, өмiр!
Өртенiп жатыр өр ақын
Сормаңдай дүние!
Сорың да көп-ау соратын.
Күл болсын күлкiң,
Бүл болсын мүлкiң, сұм жалған,
Шейт болды Шелли –
шығатын едi-ау сорақың.
Келбетi достың көңiлден қалай көшедi,
Көз алдымда тұр сырласқан бiр кеш кешегi.
Кенеттен сонда тереземiздi қиратқан,
Көшеден атқан көксоққандардың кесегi.
Екеуімiз сонда тұрмастан, мойын бұрмастан,
Селт етпеп едiк сол сәттi қимай сырласқан.
Тас бұза алмаған,
Қас бұза алмаған сол сезiм
Қапыда қирап,
Күмбезiн көрдей түн басқан.
Өртендi Ақын!
Өзi де өшпес өрт едi!
Өршiген жалын өлiмнiң бетiн серпедi.
Өзегiн жаудың өртеумен өмiр сүрген жан,
Өзегiн достың өлгенде, мiне, өртедi.
Хош, хош бол мәңгi!
Хош, қайран Шелли!
Хош ендi...
Өлеңнен алдың өмiрге кеткен есеңдi.
Ақымақтарға аңдытып қойған ақынды,
Айыптамаспын өз Отанымдай еш елдi.
Хош, қайран досым!
Бақұл бол, досым.
Хош ендi...».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу