Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  66


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ПАГАНИНИ

Құлпырып тұр қайран Ницца көктемi,
Қандай әсем көкала бұлт көктегi.
Күмбiр-күмбiр күйме келiп тоқтады,
Баққа оранған шарбақты үйге шеттегi.
Ойнақшып тұр аққу мойын аттары,
Жас полицей күйме есiгiн аттады.
Сiрi етiгiн сықырлатып сәнменен,
Қылышымен қатты қақты қақпаны.
– Паганини осында ма?
– Осында... Бiрақ мырза...
– Үйге баста, шошынба!
– Мен – дәрiгермiн. Науқас едi Никколо.
Сұмдық сырқат... Шаруаңыз тосын ба?
– Король соты шақырғанда келмеген,
Айып кесiп,
Төле десе көнбеген.
Тапқан екен науқастанар мезгiлдi,
Барып тұрған алаяқ қой ол деген.
Жас полицей –
Қолда сигар тұқылы,
Маңызданып бiр қағазды нұқыды:
– Паганини сотталды әне он жылға,
Тұтқындаймын! Мiне, соттың үкiмi!
– Ол науқас қой!
Қысып жатыр қос өкпе!
– Жоқ, ендi оны қылмыскер деп есепте!
Кеу-кеулесiп кiрiп келсе екеуi...
Паганини...
Қайтыс бопты төсекте!..
Құлпырып тұр қайран Ницца көктемi...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу