Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  79


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АТТИЛА ЖәНЕ АКВИЛЕЙ АҚҚҰТАНДАРЫ

Алдырмай Аквилей тас қамалы,
Апта өттi гундер шабуыл бастағалы.
Алты күн ала шаң боп қала түбi,
От бықсып,
Жебе жауып,
Тас борады.
Түнерiп Аттила тұр дөң басында,
Үркердей нөкерi бар дәл қасында.
Қар жауып қабағынан қатуланып,
Iшiнде сексен сезiм арбасуда.
Жеңiс пе,
Жеңiлiс пе сыбағасы?
Патшаға беймағлұм бұл арасы.
Тесiлiп тас қамалға қарап тұрды,
Анау ор –
Анау – қақпа,
Мұнарасы....
Көз салды көлегейлеп алақанын:
Iшiне тартып апты қала қанын.
Басынан мұнараның
Аққұтандар
Ұшырып бара жатты балапанын...
– Алдияр!
Не қылайын айта берiп,
Сұм қамал алдырмай тұр – жайпар едiк.
Римдi тұтас жаулап алғаннан соң,
Асықпай шаппаймыз ба қайта келiп?!
Әмiршiм,
Ала алмаймыз бұл қаланы.
Аттила арғы сөздi тыңдамады:
– Аламыз!
Шабуылдаңдар!
Бүгiн кешке –
Қожасы Аквилейдiң ғұн болады!
...Қаланы ғұндар кешке басып алды.
Тойлады,
Дұшпанының басын алды.
Сауытын ақ сарайда шештi Аттила,
Қасында батыр қыпшақ – досы қалды.
– Әмiршiм,
Себебiм бар аялдаған,
Рұқсат бер қоюға бiр сауал маған:
Қаланың құлайтынын қайдан бiлдiң,
Алты күн арамтер боп ала алмаған?
– Бiлмесем қайда менiң хан атағым,
Ата боп кiм ойламас бала қамын:
Қаланың құлайтынын маған айтқан –
Аққұтан,
Ерте ұшырып балапанын!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу