Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  173


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БIЗДЕР ДЕ ҒАШЫҚ БОЛҒАНБЫЗ

Сызданба, тағдыр сызданба,
Бұйырған бақты қызғанба.
Елiктей ерке қыздарға
Бiздер де ғашық болғанбыз!
Лапылдап жүрек ұмтылып.
Көңiлге мөлдiр мұң тұнып,
Iңкәр боп ыстық ынтығып,
Бiздер де ғашық болғанбыз.
Елiтiп әсем еркелiк,
Шырындай тәттi шер төгiп,
Өле де жаздап өртенiп,
Бiздер де ғашық болғанбыз.
От сезiм бойды мас қылып,
Кей уақта басты тасқа ұрып,
Бейуақта көзге жас тұнып,
Бiздер де ғашық болғанбыз.
Бiр ауыз сөзден суынған,
Бiр ауыз сөзден жылынған,
Күйiп те жанып шыбын жан
Бiздер де ғашық болғанбыз.
Аспанда маздап, лайым,
Алмасып жатса күн, айым,
Бұйыртар болса құдайым,
Әлi де ғашық болармыз!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу