Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  97


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Мен сенi ғұмыр бойы iздегенмiн

Мен сенi ғұмыр бойы iздегенмiн,
Табудан үмiтiмдi үзбегенмiн.
Сенбесең үңiл менiң iздерiме
Сауырын соқпақ еткен жүз белеңнiң.
Мұзартын көңiлiмнiң көшкiн еткен,
Төбемнен талай-талай көштi көктем.
Тамшы боп терезеңдi қаққан сонда,
Дүрсiлiн жүрегiмнiң естiмеп пе ең?
Сенi аңсап баурайында Көктөбенiң,
Мазасыз күндерiмдi өткеремiн.
Түбiнде мен бақытты болсам керек,
Сен жайлы тәттi түстi көп көремiн.
Құшағын қарсы алдымнан тұрса да ашып,
Басқаға болмап едiм мұнша ғашық.
Сәлемiң сенiң ғана серпiлтедi
Көңiлiм көп нәрседен жүрсе жасып.
Жан едiм жапан түздiң киiгiндей,
Жүретiн жат суатқа үйiрiлмей.
Жаным-ау,
алдың баурап!
Жанарыңның
Бар ма едi қасиетi иiрiмдей?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу