Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  93


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҮМIТ ҚҰСЫН ҮРКIТПЕ

Айдаланы жаңғыртып,
Ақсүйек ойнар түн мынау,
Алқынып соққан жүректе
Айтылмай талай сыр жүр-ау.
Ақ нұр жүзiң албырап
Алдымнан шықсаң болмай ма,
Ақ боз үйдiң түндiгiн
Айқара жапқан, құрбым-ау.
Ұяңдау құрбым, екеуімiз
Үркердей оқшау тұрмыз ба?
Үлкен сезiмнiң алдында
Үйiрiлiп құлар құлмыз ба?
Үмiттiң құстың үркiтпей
Үкiдей ұшып сен жетсең
Үңiлер едiм көзiңе
Үңiлгендей боп жұлдызға!
Жолықпай жүрген арман ең
Жалықпай қуған елес ең,
Жаныма жылдам жетсеңшi
Жоғалып кеттiң неге сен?
Жаныма жылдам жетсеңшi
Жүзiңдi көрiп жайқалған
Жапырақ тектес жүректi
Жел жұлып кетсiн демесең!…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу