Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  160


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Көздерiңе ғашықпын

Сенiң мынау тұп-тұнық көздерiңде:
Мөп-мөлдiр бұлақтар бар,
Сусынымды мен содан қандырамын,
Маздаған шырақтар бар,
Оттарымды мен содан жандырамын.
Сенiң мынау қап-қара көздерiңде:
Арыңның ақтығы бар,
Жаныңның пәктiгi бар.
Мен сенiң көздерiңе құмартамын
Баладай тәттi құмар.
Сенiң мынау жайнаған көздерiңде:
Жүрмеген жолдарың бар,
Жаның бар, арманың бар,
Пейiлiңнiң кеңдiгi бар
Асатын аспанның да аумағынан.
Сенiң мынау айнадай көздерiңде
Жан сырыңның ашулы сандығы бар,
Жүрегiңнiң үкiмi, жарлығы бар.
Сенiң көзiң ерiтер мұз-қарымды,
Сенiң көзiң жұмсартар ызғарымды.
Жанарыңның отына жүз өртенiп
Мына мен жүз қарылдым.
Мен сенiң көздерiңнен көп тыңдаймын
Кеудеңдегi күйлерiн домбыраңның.
Дауыл үнiн, көк нөсер жаңбыр әнiн,
Арманыңның арнадан қарғығанын.
Мен сенiң көздерiңнен от көрем де,
Оқыстан найзағайым оянады:
Жолдарды жолға ұрамын,
Таңдарды таңға ұрамын,
Өкiндiрiп бiр сәтке қалғығаным,
Сiлкiнемiн, жайнаймын, жаңғырамын.
Қанша үңiлдiм көзiңе – айта алмаймын,
Бу боп ұшты, әйтеуiр, шалқар қайғым.
Қуаныштан шалқыдым, тасып-толдым
Өзiңе де, көзiңе де
Мен солай ғашық болдым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу