Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  79


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Қан сонардай қарлы күнгi...

Қан сонардай қарлы күнгi,
Жазғырмаймын тағдырымды.
Бiр кiсiдей сүйемiн мен
Беу, адамдар, барлығыңды.
Көргенiмде нарлығыңды
Жүрегiмде жан жүгiрдi.
Көргенiмде тарлығыңды
Көздерiмнен қан бiлiндi.
Хан да емеспiн,
қара да емен,
Дарыным да дара демен.
Көрiпкел боп көргенiм жоқ
Не де болса бара көрем.
Бала да емен, аға да емен,
Күтпеңдершi баға менен.
Күндей жылы дидар көрсем
Күншуағын ала берем.
Бұл бiр өмiр –
жеке шынар
Басы бұлтқа жете сынар.
Аққа қара жұқпайтынын
Дәлелдеумен өте шығар.
Жазғырмаймын тағдырымды,
Жаздырмаймын жарлығымды.
Жалғыз өлең
жазсам жетер,
Қан сонардай қарлы күнгi...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу