Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  245


Автор: Жанат Әскербекқызы

Шындықты да көре алмадық көз көрім...

Шындықты да көре алмадық көз көрім,
Жоқ деймісің пенделерде өзге мін.
Жүрегімнен аунап кеткен тамшы зар
Табанында тапталады өзгенің.
Қанжар күлкі қасап қылар кеудемді,
Қан жылаумен қалжырармын мен де енді.
Қырық шоқпыт көңілім де мүжіліп,
Қайыр сұрап, ел кезуді жөн көрді.
Тас қаланы тарлау көрді бір басым,
Тереземнен төгіп тұрар түн жасын.


Жылай түссін... жасы айналып зәһарға
Қарашығы қара шөл боп құрғасын.
Тырнағынан қан саулаған кәззап түн
Құлқынына жұтылуға аз қаппын.
Бота-сенім ойнап жүріп, от басып,
Боз күнімді боз інгендей боздаттым.
Ой – далада, қиял – қырда, ес – көкте,
Жауыз тірлік тілімді енді кеспек пе.
Жанарыма жарық еткен жыр-шырақ
Жел өтінде жетімсіреп өшпек пе?!
Шыңыраудан шырқырайды ақылым,
Жайсаңдарға жабайыдай жат үнім.
Уақыт-баба у жұтқандай теңселер
Таңдайына кермек жас боп татыдым.
... Ес жинашы, ақыным...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу