Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  96


Автор: Жанат Әскербекқызы

Бұлтқа қарай аяқ бастым...

Бұлтқа қарай аяқ бастым,
Жалғыздық
Құтқармады бәрібір.
Шөлдегенде үмітімді жалбыз қып,
Аспан жаққа егіп кеттім сары гүл.
Ғарыш мені тылсымына сіңірді -
Көкшіл түс боп дарыдым.
Сары гүлім аспаннан да түңілді,
Желегіне артып алып тағы мұң.
Кеңістіктің кемтарлығы...
Не сұмдық?!
Енді қайдан жанға сая іздеймін?!
Пенделердің пенделігін кешірдік...
Не қылармын...
Тіршіліктен көңілі қалған күздеймін.
Бұлт көзінен мөлдір тамшы сырғыды,
Қалды менің не жаным?!
Бәрін-бәрін талақ қылып бір күні
Соңғы өлеңді жазамын.


Өксігімді ғарыш тыңдар...
түйсінер
Жер басуға келмейтінін халімнің.
Біреу бар ма болмысыма сүйсінер
Сардаланы кезіп жүрген сағыммын...
Күнге – қонақ,
Айға мұңдас болармын,
...Өрең жетсе сен де жерден алыста,
Аппақ нұрмен мойыныңды орармын,
Көзіңді ашшы ғарышқа...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу