Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  107


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ақ атам – əулием!

Жан жүйем сырқатты дауасыз,
Қалды иен ақылым панасыз.
Осыны бұлжытпай таныған
Əулием! Сіз неткен данасыз!?
Бұқтыра тиген соң бұлды қып,
Мықтыға бас иіп шұлғыдық.
Қазақы намыстың байрағын
Жықты да тастады бұл қылық.
Мыстанға ауысып құндылық,
Дұшпанға ой бердік тұндырып.
Тілімді, дінімді тонап ап,
Ұстауға тырысты ол құл қылып.
Құмарлық сиқырлап əдемі,
Шынар ғып өсірдік пəлені.
Күштіні жұмсарту ниетпен
Шығардық «тарту» деп пəрені.
Күштілер шағыммен таң асып,
Іс білер жандармен таласып,
Тақ тапса шіренер шақ болды
Түсті де аспаннан бал ашып.
Астынан кір іздеп тырнақтың,
Тасқын əн тиылды шырмап түн.
Шектеліп, сырғыған шақ болды
Бас құдам шетінен сырмақтың.
Алдаспан сынындай келіскен,
Жалғасқан өзара жеңүшпен,
Көп болды менің де дұшпаным
Арбасқан алакөз «періштем».
Аңызды шындыққа теліді,
Жаны ізгі түңіліп жеріді.
Ішіне арыстан ұялап
Тамызды сұмдықтың желігі.
Маңызды ауылдың келіні
Ағызды өсекті еріні.
Олардан біреулер жем тапты
Арызды пір тұтып сенімі.
Көңілде болмастан бір тыным,
Өмірде жамаумен жыртығын,
Пəреге құныққан сорлылар
Көбінде ойлап жүр құлқынын.
Жанары жарқырап алтынша,
Жанады дəулеті артылса.
Үкімет өзгеріп жатса да
Қалады бастықтар қалпынша.
Нұрымен көктемнің бір айлас,
Ұлымен деп жүрсек сыңайлас.
Пенде екен, көңілі жемде екен
Ұрымен, жемқормен сыбайлас.
Қанымда сырқат бар дауасыз
Жанымда сау жер жоқ жарасыз.
Осыған өзіңіз шипа боп
Жалынға айналып барасыз.
Өрмелі қамшы боп кей түндер,
Өлгелі «ел қамын жейтіндер»,
Жылқыдан үйірсек боп алды
Төрдегі төраға дейтіндер.
Төгіліп сырлы-нұр түсінен
Бөлініп үш жікке ішінен,
Қамқорсып, қаңқайып жүрсе де
Көрініп қалып жүр ісінен.
Жол қашқақ болса да мұнар көк,
Қол бастап, салымын сынар деп
Өлесін билікке сүйреп жүр
Қолпаштап, мен жаққа шығар деп.
Жүректе оты жоқ сорлыны
Дүретпе соғады сол күні.
Ел сенген, белсенген абзалдар
Түнекте қалып жүр– қорлығы.
Дана– атам! Найза сап жаныңа,
Қанатам жүректі тағы да.
Ел сенген «ерлерім» қарап жүр
Қарақан басының қамына.
Ойында жоқ оның ел қамы
Сойылға соқтығар ер бары,
Солардан үлгі алып, мінімді
Мойынға алмаймын мен дағы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу