Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  104


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Қазағым

Аңсағаны – қазақтың егемендік,
Жанса бағы – алласы елегендік,
Жадыратып көңілді, нұрын шашып,
Таң самалы секілді келеді елдік.
Тілеп едің азаттық: «А, құдайлап!»
Тіреп едің ат басын «Абылайлап»,
Сол арманың іске асып бүгін, міне
Жүрек емін тапқандай ауыл– аймақ.
Азабың көп болды да көктетпеді,
Ажалың көп қаныңды төкпеп пе еді?
Қабанбайым, Сырымың, Райымбегің
Қазағым деп еңіреп өтпеп пе еді?!
Не көрмедің, қазағым, не көрмедің!
Көнермедің, əйтсе де көгермедің.
Телім болып біреуге тағдырыңды,
Көгендедің, басыңды көгендедің!
Қорқып жүріп жоғалттың дініңді де,
Толқып жүріп тонаттың тіліңді де.
Сені ешкім мүсіркеп сыйлаған жоқ
Жортып жүріп оңалттың білімді де.
Басқа тілдің қажалап малтасынан,
Бас қатырдың пана іздеп қалқасынан.
Айналдырып алам деп жерұйыққа
Таспа тілдің далаңның арқасынан.
Қол артуға табылмай тақтан қарға
Мол алтынға сұқ көзін сатқандарға
Үндемей-ақ, қазағым, ояндың-ау
Жоғалтуға өзіңді шақ қалғанда!
Өмір бойғы арманың орындалды,
Өмір бойғы азап пен сорың қалды!
Қайта туған қазақты əлем танып
Көңіл қойды, құттықтап қолымды алды.
Анық еді көшері майдан бұлты
Анық еді келері сайран, күлкі,
Құтты болсын елдігің –
Ұлы Абайдың:
«Қалың елі қазағы, қайран жұрты».
Менің халқым! Ойла енді өз қамыңды
Қарқынды елім, ұмытпай тозғаныңды.
Ұлан– асыр той күні табылмайды-ау
Алтын тегін ұқтырар сөз дарынды.
Жақын менен табысқан жаңа ғана
Ақын деген жарар ма садағаңа?
Өзімізді өзіміз қадір тұтып,
Ақыл менен қарайық заманаға.
Жол шекпестей тыныштық өте дейік,
Оқ жетпестей шырқауға төтелейік.
Елтаңба мен ƏНҰРАН, Туымызды
Қол жетпестей биікке көтерейік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу