Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  95


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Əке тəлімдері

Есіл əкем!
Екі айтпайтын сертті еді,
Еркелетті, маңдайымнан шертпеді.
Меңдетіп жүр,
Шерлі етіп жүр,
Бұл күнде
Сағыныштан сар тап болған дерт мені.
Тірі болды ержеткенше бағыма,
Құда күтті кəдесіне шабыла.
Енші берді,
Соғымымды дайындап,
Отау тігіп, үйін бөлді тағы да.
Тоңбасыншы! Жұмысы көп,
Іс қиын.
Деді дағы салып берді қысқы үйін.
Мейіріміне қосып бəрін берсе де,
Дəметкен жоқ,
Бергемін жоқ мыс тиын!
Дəулеті бар,
Болсадағы парыз бар.
Емес еді маған мүлде қарыздар,
...Əбігермін тəлімінен əкенің,
Болмайын деп жаман əке, жаны ызғар.
Жарата алсам асатұғын пайдаға,
Ақыл айтты,
Тəлім айтты қайда да:
-Айыл тартып ат мінгенде, құлыным,
Арқаныңды сол жағыңа байлама!
Түсеріңді мерт етеді іліп қап,
Қауіп сонан келетінін біліп бақ.
Тістемесін,
Жəне теуіп кетпесін,
Айылды да тартатын бол жүріп сақ!
Тартпаны да орай ұстап жаныма,
Тайып кетсе қас болады жаныңа.
Бармағыңды жақындатпа дүзіне
Сақина сал берік етіп сабына.
Өзі ұқыпты,
Əрі қылап кісі еді.
Ақыл ұғу онда маған күш еді,
Жанға батып сол əкенің жоқтығы,
Аяқ бассам тəлімі еске түседі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу