Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  73


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ұлттық мақтаныш

Қоздыратын демалған делебеңді,
Атойлаған жыр жазған керек енді.
Өйткені мен халықпын– қазақ деген,
Бесбоғдаға тигізгем керегемді.
Менің жаным қашаннан қайсар, мықты.
Айтшы, кəне, кіміңнен тайсалыпты?
Біз туғамыз Ікейдей батыр ұлды,
Біз бергеміз отанға Жайсановты!
Ел сенімін ерлікпен ақтағанбыз,
Өлсек, өліп намысты сақтағанбыз.
«А» дегенді анықтап ұқпай жатып,
Ер-Сүхэнің есімін жаттағанбыз!
Налайхының қойнынан көмір қазып,
Беріп келген ерлерім өмірге азық.
Қазақ– қазақ болғалы қой бақса да,
Өмір бойы көрмеген көңіл қажып.
Жаңалықтың бəріне мол қатысып,
Қолымыздан қаншама іс жолға түсіп,
Үлес қосып Эрдэнэт, Шарынголға,
Багануурды жатырмыз орнатысып.
Жараспайды біз үшін аласалық,
Гүлдендірдік өмірді тамаша ғып.
Көркейтісіп Арвайхэр, Өрдөрхынды
Сэлэнгэде жатырмыз қала салып.
Ер көңілміз ежелгі босағадан,
Жаралмаған жалынсыз, осал адам.
Қазағымның мүйізді алақаны,
Таяқ пенен күректен босамаған.
Ақтарылған адал тер, ақ табысым


Елім үшін атқарып жатқан ісім!
Бəрі, бəрі– қазақтық қасиетім,
Бəрі менің ұлттық зор мақтанышым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу