Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  89


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Жаздың жайлы кешінде

Қара шоғыр қалың мал қора маңы –
Секілді бір футболдың доп алаңы.
Стадионға асыққан жанкүйердей,
Тұс-тұсынан асығыс оралады.
Жай табатын жайғасып үйге барып,
Бір іңкəрлік барлығын билеуі анық.
Сиырлар да келеді таудан түсіп,
Бір-бір ұзын көлеңке сүйреп алып.
Күміс өзен арнасын сүйіп ағып,
Сауыншылар ақ жалаң киіп алып.
Алтын күннің алауын сүтпен қосып,
Қалайын деп тұрғандай құйып алып.
Салқын самал күрсініп бұлданады,
Гүлге қонып көбелек ырғалады.
Сылдыр-сылдыр етеді анда-санда,
Ағаштардың жап-жасыл сырғалары.
Жылқышы да көрсем деп құдашамды,
Бір сұғымға жылқысын бұра салды.
Күн жеңгетай болды да, құбылаға,
Қызыл торғын шымылдық құра салды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу