Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  139


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Жасыл жайлау – жасыл жаз

Жаздың өңі жап-жасыл тотияйын,
Аспанның да жағатын оты дайын.
Қызыл-жасыл көйлегін киіп алып,
Таранады сал – жайлау тотыдайын.
Алақызбай мен қалай тоқырайын,
Көкірегіме неге өрнек тоқымайын.
Қызыл-жасыл кілемнің ортасында,
Жайраң қағып мен де бір отырайын.
Көк гүл төгіп жап-жасыл қымыздығы,
Бірге тартсын менімен сыбызғыны.
Шара толы қымызды əкеліңдер,
Ақынға да бар шығар ырыздығы.
Маңдайымнан ақжаңбыр тайғанасын,
Кешкі самал кеудемнен аймаласын.
Менің шерткен сырыма елтіп, еріп,
Балқыған тау сүйесін айға басын.
Мүмкін болмас шабытпен жағаласпау,
Өлеңге де ашылсын жаңа бастау.
Жасыл жайлау, жасыл жаз – үшеуіміз,
Құшақтасып ұйықтайық шала мастау




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу