Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  90


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ақсақал қысты қайтарып...

Ақсақал қысты қайтарып,
Жер жатыр жіпсіп, жай тауып.
Жалаңаш тастап кеудесін,
Көсілді көлде шайқалып.
Аспанның көзін алайтып,
Бүр жарды жусан талай түп.
Айдынның бетін айшықтап,
Аққулар қонды əн айтып.
Дегендей ашу тарқасын,
Тінтті жел бұлттың қалтасын.
Трактор жылжып барады,
Жотаның қасып арқасын.
Су – ылай, бүгін жер батпақ,
Беткейде жатыр қой қаптап.
Жылғаның бойын қуалап,
Қыз-лақ кеткен ойнақтап.
Балауса – балғын шөпке бай,
Көгілдір мұнар көктем-ай!
Көгершін шағым менің де.
Есіме түсіп кеткені-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу