Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  311


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Суретші табиғат

Жүрсең дағы талай жыл жанасалап,
Осындайда сырымды ал ашалап,
Дегендей боп табиғат сыланады,
Тұрмын жаңа көргендей тамашалап.
Табиғат-ай! Шығатын долыланып,
Тұра қапты-ау момақан болып анық.
Бояй берген секілді даламызды,
Бояудың ең жасылын қолына алып.
Жасыл бүліс өзенінің атырабы
Ағаштың да жап-жасыл жапырағы,
Мүлгіп тұрған бұтақты дір еткізіп,
Қона қалып көкегі шақырады.
Ақ бояумен тауларға арқа сапты,
Қызыл, сары гүлдерден алқа сапты,
Көк бояудан өзенге жағыпты да,
Тамыр – жолды сарымен тарта сапты.
Қараменен жолақтап қыраттарды.
Бұлақ етіп құйыпты сынаптарды
Ықтиярсыз еркімді тартып алып,
Сұлулықтың жайында сыр ақтарды.
Түйсігімді есейткен балаң ойдан,
Сұлу мүсін өмірі қала ма ойдан.
Бұл табиғат недеген суретші еді!
Репиннен айнытпай сала қойған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу