Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  98


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Бие байлау

Аш мойнаққа шауып шыққан қояндай,
Шықты да күн, дала жатты оянбай.
Біздің ауыл түрегелді түгелдей,
Сəл кешіксе, тойдан қалып қоярдай.
Бөгде болса пейілдерін қоса ма?
Жиналысып туыс-бауыр, дос, аға,
Балбұлақтың жағасына тоқтады,
Биебауға жарайды деп осы ара.
Жүздерінде шаттық тауып келісім,
Таңдап алып жердің жаттық-тегісін
Домбыраның ішегіндей шерттіріп,
Үш қазыққа тартты құлын желісін.
Күнмен бірдей көңілдер де жайдары,
Жылқыны да солай қарай айдады.
Ең əуелгі ұстап алып айғырды,
Желінің дəл басына əкеп байлады.
Сал жігіттер жүректері игі, ізгі,
Асаулықтың басын күшке игізді.
Жас құлынның шалма салып мойнына,
Паң басына қайыс ноқта кигізді.
Бəрі, бəрі жан-жағынан қаптады,
Бірі ителеп, бірі сүйрей шаптады.
Балғын құлын шығып кетсе қолыңнан,
Тұрды атылып, жұлдыздайын аққалы.
Қара тартып, құлынынан айналып,
Биелер де қалды жіпсіз байланып.
«Бие байлау» деген сөздің төркінін,
Енді ғана тапқандаймын ойланып.
Осылайша ауыл бие байлады,
Қыз-келіншек дастарханын сайлады.
Бабамыздың жоралғысы осы деп,
Айғырдың да жал-құйрығын майлады.
Шаттық билеп кəрісін де, жасын да,
Ішті сонда желі-шашу асын да,
Əңгіме де, ойын-сауық бəрі де
Өтті бүгін биебаудың басында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу