Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  65


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Қойшы

Көзін сүзіп, көк аспанға қол жайып.
Жүрмеген ол кілең ғана қой жайып.
Ұғу үшін қойшыларды жаңаша,
Жаңа өмірін, жаз көңілін болжайық.
Көз салсаңыз қойшы деген кісіге
Мүлде бөлек арманы да, ісі де,
Ірімшік пен қаймақ келмей ойына,
Зəулім-зəулім үй кіреді түсіне.
Қызыл, жасыл дала гүлін көп теріп,
Киетіні қырым тон мен көк бөрік
Кереғап пен кенеп қана бөктермей,
Жүреді енді радио бөктеріп.
Ауа райын үйінен-ақ бақылап,
Керек десе астанаға қатынап
Шыға келер институт бітіріп,
Кең далада кең көсіліп жатып-ақ!
Қоныс таңдап тарлан тауды жондаған,
Ақ бурадай ақпанда да тоңбаған.
Ат орнына мотоцикл қаңтарып
Түйе орнына машинаны қомдаған.
Бара қалсақ төрінде біз – төреміз!
Ораламыз көкке жетіп төбеміз.
Алтын – жүн мен əппақ сүті тасқындап,
Көктем сайын ойнақтайды төлі егіз.
Жаз жебеген, көктем шыңдап талабын,
Осыларға қандай атау табамын?
Қойшы демей кілең ғана қой баққан.
Деген-ақ жөн министрі даланың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу