Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  79


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ауыл концерті

Іздемей ағаш сырнай, шойын аспан,
Паш етіп шаттығы мен ойын асқақ,
Қосылып мың дауысты хорға бəрі,
Кетіпті шопан аулы тойын бастап.
Ширығып əн жарысы, күй таласы,
Бұл тойдың көпке мəлім ұйықтамасы.
Су толы бөшкелері – бас қобызы,
Ащылы науалары – гитарасы.
Асқақтап сары інгеннің тосын əні,
Аш бөрі қыр астында шошынады.
Қызыл қой баритонға басқанында,
Бөрте ешкі альт болып қосылады.
Ешкім жоқ бүгін осал соғатындай,
Бəріне тұлпар талант қонатындай.
«мə-мə» деп жас қозы да үн қосады,
Түбінде мықты солист болатындай.
Бəрі бар композитор, асқақ ақын,
Түрі жоқ, именетін, жасқанатын.
Ал шопан – бас дирижер, жетекшісі.
Барлығын билеп – төстеп басқаратын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу