Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  61


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Бесқарағай

Қысын тұтып, сенімен жазын тауып,
Тəтті өмірдің жүрсе де назын таңып.
Мың емес бұл, болмаса, бесеу– ақ деп,
Жомарт бабам атапты азырқанып.
Бесеу-ақ деп əуелі көзге ілмепті,
Мың ағаштың жайында сөз қүрмепті.
Сонда дағы қомағай лəпсі құрғыр,
Қол тигізбей жүруге төздірмепті.
Түніменен балтасын қайратыпты,
(Айналаны күзеткен Ай батыпты)
Қараңғыны жамылып таң біліне,
Қарағайдың біреуін жайратыпты.
Демін алып сол жерде түстеніпті,
Қалғып кетіп ғажайып түс көріпті.
Қарағайдың барлығы қару ұстап,
Қамап алып, ақыры тістеніпті.
Бірі тұрып:
Қолыңды шабам! – депті,
Сүйегіңді быт-шыт қып шағам! – депті.
Жіберейік табанда күл ғып үрлеп.
Депті бірі: – Қайырымсыз табан бетті.
Ояныпты:
Қоям – деп – пенделікті!
Ауылын да таба алмай сенделіпті,
Ақуалын сұраған ағайынға,
Қарағайға тимеңдер! – дей беріпті.
Тиым болып осылай тоңмойынға,
Сол қарағай қалыпты сол бойында.
Алтау болып көбейіп өсе алмапты,
Құрымапты тұрса да жол бойында.
Рұқсатсыз тиіссе иесінен,
Тірі бейнет тартады киесінен.
Деп əжеміз айтатын аңыз қылып,
Ұйытатын сөзінің жүйесімен.
Бесқарағай! Қолдың бес саласындай,
Сезінемін көзімнің қарасындай.
Жоқ – ақ шығар өзіне жеткен кезім,
Сағынышты сабыртып таң асырмай.
Араласып көктемгі арайменен,
Таңмен бірге өзіне талай келем.
Жасырынып тұрғандай балалығым,
Қарай берем, қия алмай қарай берем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу