Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  49


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Сəбеңмен дидарласу

Озбаса да жүйрігім өрде менің,
Ағаларға ойымды бөлген едім.
Сəбемнен мен үш рет көрген едім.
Азды– көпті нар алып білім жақтан,
Кез еді ол күніміз күлім қаққан.
Алматыда Сəкеннің жетпіс жасын,
Белгілеген салтанат жүріп жатқан.
Алпысыншы жылдардың басы еді онда,
Толықсыған Сəбең де жас еді онда.
Біздің дағы балапан сəттеріміз,
Ойымызда ол кезде басады оңға.
Сəкең жайлы əркім ой толғап еді,
Толғамды оймен газеттер толған еді.
Сəкен ақын кезінде дəріс берген,
КазПИ-де де бір жиын болған еді.
Бұл жиынға жақсының бəрі келген,
Гүлбахрам – ақынның жары келген.
Сəбең келген – қазақтың шаңырағын,
Салып жүрген желмая нары келген.
– Сонда Сəбең сөз алып былай деген:
– Сəкен бірге жасайды күн-айменен.
Парасаты, ақылы, ақындығы,
Теңесетін жан еді құдайменен.
Ондай қазақ– қазақта сирек еді,
Тап жауына найзасын түйреп еді.
«Тар жол, тайғақ кешуден» аман өтіп,
Тап жауынан ақыры күйреп еді.
Ондай қазақ– қазақта сирек еді,
Сан дұшпанды тулақтай илеп еді.
Сан айқаста жағасын жыртып жүріп,
Нұрлы таңға біздерді сүйреп еді.
Ондай қазақ– қазақта біреу еді,
Батырақтың бақандай тіреуі еді.
Өзі басын ойламай өртке кірген,
Тілегені өзгенің тілеуі еді.
Ондай қазақ– қазақта сирек еді,
Өлеңдіде ерекше билеп еді.
Ақынбыз деп жүргендер кеуде қағып,
Мақтанғанда Сəкеннің ширегі еді.
Жаңа таңға риза ақын,
Жаңаша бір ырғақпен толғанатын.
Келбеті де келіскен сырбаз ақын.
Таяғына сəл ғана қорланатын.
Ондай қазақ– қазақта жалғыз еді,
Бар болса да арасы андыз еді.
«Көкшетау» мен «Қызылат», «Қызылсұңқар»,
Ағып өткен ақынның таңғы ізі еді.
Бүгінгі той – мағанда ой бөлгені,
Ұмытпайды Көкшетау көрген елі.
Бұдан да асқан думанды тойы барын,
Өкінішті-ау ақынның көрмегені?!
Болсақ тірек, өзіңе болсақ тұрақ,
Сəкенжаным! Бұданда бол шаттырақ.
Ұрпақпенен мəңгілік жасайсың сен!
Деген Сəбең көзінен моншақ құлап.
Гүлін жайған алма ағаш, көк терегі,
Алматының тағы бір көктемі еді.
Апрельде– ақ киініп гүл түсімен,
Аспаны да аппақ нұр төккен еді.
Көктемеде көркем жыр туады екен,
Көңілдерге тəтті ой тұнады екен.
Жазушылар үйінде сол жылдары,
Жастарға ақыл беріліп тұрады екен.
Көңіл бөлсе жастарға арнап анық,
Сол ақылдан алуға қарман анық.
Деген оймен біздерді Хасен аға,
Жазушылар үйіне барған алып.
Жас едік біз, бірақта, жалын едік,
Ауыздықпен алысқан арын едік.
Сəбеңдердің аяғын басып қалған,
Шығармыз деп күпініп барып едік.
Газет-журнал қадамын бағалаған,
Үміт пенен тұлпарын тағалаған.
Таланттар да бар еді ішімізде,
Жазушылар Одағын жағалаған.
Келіп біздер сыралғы дүлдүлдерше,
Залға кіріп жайғасып үлгергенше.
Болмай жатып ағалар келді жетіп,
Келдік деген хабарды білдіргенше.
Көрінетін шоқтығы көп ісінде,
Сəбең де бар осынау топ ішінде.
Ғали аға, Мұзафар, Сағи да бар,
Хамит пенен Əбекең жоқ ішінде.
«Сыншыларға жолығып топ алдында,
Додаланып «ит жемі» болармын ба?!»
Деген оймен абыржып отыр едік,
Ақын екен ауданы олардың да.
Қасен-аға біздерді таныстырып,
Коя беріп өлеңмен жарыстырып.
Жырымызды соларға таратып жүр,
Ағалар мен жастарды табыстырып.
Ең бірінші– дегендей өз кезегім.
Сəбең алды əуелі сөз кезегін.
Қайда құяр екен деп біз отырмыз,
Балғын жырдың ағызып кезбе өзенін.
Ақылға бай, ағалық іске бекем,
Тарландардың мерейі үстем екен.
«Жүрегімді...», «Дайынға» деп аталған,
Менің жырым қолына түскен екен.
– Жастарға ортақ кемшілік-мынау-деді,
Жылтыр сөзбен жырларын құрау-дені.
Белі шықпай бесіктен жылап тұрып,
Жыр жазатын бар бізде тұмау– деді.
Аңсай күткен əлемнің бар адамы,
Жырламай ма бейуаз замананы.
Оққа түсіп кеудесін, отқа кірген,
Жырламай ма ер əке, нар ағаны».
Бізге деген пікірін нақтап қойды,
-Сыйғызу жөн қалайда тақпаққа ойды!
Жып жинақы өлеңі, ділмар ақын,
Болады екен! – деп мені мақтап қойды.
– Келген бала – бұл өзі ту алыстан,
Өлең десе елпілдеп құрақ ұшқан
Деп бір жақтан қостады Қасен аға,
Төбем көкке жеткендей қуаныштан.
Сөйледі өзге ағалар кезек алып,
Өлең– жырға айтылды сөз ағалық.
Былай – деді Мұзафар – аға маған,
Өлеңімнен бір кеміс сезе калып:
«Жұлдыз ғып жүрегімді қада аспанға»
Сəулешім қарап жүрсең адасқанда.
Белгі етсін түнделеткен жолаушылар,
Жылқышы құрық алып жал асқанда.»
-Деген екен жас ақын өлеңінде,
Басқа мін жоқ өлеңнің көлемінде.
«Жал асқанда» дегені– келіспейді,
Қалады осы сыншының елегінде.
Кейбір ақын жырлайды. «Осы ұран» деп.
Шала сыншы бас изер қосылам деп.
Мұндай сөздер жағымсыз естіледі,
Келіспеймін мен осынша осыған көп.
Тыңдаса жұрт эфирден не дер еді,
Бұл ақынның жаным-ау не дегені?»
Деп аң-таң боп, бара алмай байыбына,
Саған деген алғысын шегереді.
Сақ бол жаным, ұйқасқа бағынғаннан,
Сылдыр сөзден сылдырмақ тағынғаннан.
Түк шықпайды балалар, жоқ болса отың,
Ақындарға еліктеп табынғаннан.
Шалалықтың молдығын сезіп ішім,
Қабылдадым бас иіп өзім үшін.
«Ой ойланып күніне мың толғандым»,
Азабына ақынның төзу үшін.
Сəтті болып сондағы сыналғаным,
Өсті бүгін мəуелеп шынарларым,
Ағалардың алтындай ақылдарын,
Күні бүгін естідім шығармадым.
Гүлін ашқан балапан көк тірегі,
Өлгийдің бір шуақты көктемі еді.
Көктемі де сол жылдың жайлы болып.
Көңілдерде қуаныш көктеп еді.
Айналдырған күміске қола түнді,
Көктем түні сырласып қонатын-ды.
Жиырманшы ғасырдың санындағы,
Алпыс жеті дейтін жыл болатын-ды.
Аймағымның алыстан қонағы кеп,
Інілікпен, ізетпен қол алып ек.
Əзірленіп, асыға күткен едік,
Бейбітшілік кеңесі болады деп.
Ұлы тойға түсердей кезендіріп,
Қойған едік Өлийді безендіріп.
Қонақтардың көңлін табарлықтай,
Ойын жаттап жатыр ек, сөз өндіріп.
Байырғы жер– «Бай бесік» тұрағында,
Үлес қосты халқымыз ұлы ағынға.
Бір қуаныш – бұл жолы аймағыма,
Сəбең келді өкілдің құрамында.
Сол баяғы ақ көңіл Сəбең келді,
Сəбең келді – шежіре əлем келді.
Өзі – тарих, өзі – жыр қазағына,
Бүкіл Өлгий иіліп сəлем берді.
Өлең жырдан бұйырған төл несібе,
Жандар ғой деп, жатсын деп кең көсіле.
Ақаңменен екеуін жайғастырдық,
Қонақ үйдің бір үлкен бөлмесіне.
Ауылды да асықпай аралаттық,
Жай болған жоқ онда да дара баптық.
Ақсарбасын қазекең айтып сойып,
Əн мен күйге айналып бара жаттық.
Қонағының қабылдап ақ батасын,
Сыйға тарттым ауылым ақ ботасын.
Көзбен көріп қуанды балғындар да,
«Кəдімгі Сəбит Мұқанов» атты атасын.
Ауылымның келбетін мақтаны ғып,
Жүрді Сəбең ағынан ақтарылып.
Əңгімесі, ағаның шат бейнесі,
Қалды біздің жүректе жатталынып.
Айтты Сəбең кеңесін ақтарылып,
Қалды бəрі жүректе жатталынып.
Суретке де жайраңдап түскен еді,
Қазақтығын əйгілеп атқа мініп.
Балапандай жаңадан қанаттанған,
Өлең– жырға құрық сап талаптанған.
Жастар едік онда біз – балғын едік,
Қойылатын қаталдау талап, талғам.
Шеберліктің қазаны қайнатқалы,
Жиналатын апталап, айлап тағы.
«Үйірме» деп ол кезде аталатын,
Жазушылар ұйымы аймақтағы.
Қалайық деп ағадан ақыл алып,
Жүрген шақта айта алмай батып анық.
Деді Арғыш:
– Жиналып барлығымыз,
Ортамызға Сəбеңді шақыралық.
Осы– ақылды күп көріп, қабыл алып,
Айтпасақ та ел-жұртқа дабыра ғып.
Құлақтанып қойыпты халық тегіс,
Бір ауыздан бір құлақ қағып алып.
Белгіленген уақыт болғанында,
Театрға адам лық толғанында.
Сəбең келді, соғылып алақандар,
Ізетпенен бас иді зор дарынға.
Сəлем алып қос аға келе қалып,
Ақаң төрге отырды ере барып.
Сəбең бірден бастады əңгімесін,
Қайта – қайта тамағын кенеп алып.
– Кең дүние осынау əлемдегі,
Құрылымы əр түрлі, əр елдегі,
Бауырлардың аралап бір қаншасын,
Тұрмысымен танысып келем– деді.
Моңғол – деген туыстас қандасымыз,
Ту ертеден қосылған мал-басымыз.
Төркіні екен Бөрте атты шешеміздің,
Үзілмепті əрқашан жалғасымыз.
«Қой аузынан шөп алмас» момын халық,
Қазақтың еш көрмегін қолын қағып.
Бақыт қонған халықты көрдім мен де,
Аңсай күткен арманым орындалып.
Төтеп берген сан өрттің толқынына,
Түскен ел ғой тарихтың мол сынына.
Сендердағы бақытты екенсіңдер,
Кіріп алған туыстың қолтығына.
Ауылдарың сақтапты салтын мықты,
Қонақжайлы, думанды, жарқындықты.
Іргең тыныш, шаттықта екенсіздер,
Ұрпақтарың өнерлі, қартың құтты.
Таза ұстап, қадірлеп тілдеріңді,
Ұнаттым мен дамыта білгеніңді.
Момын бола біліңдер өздерің де,
Болсын ылғи істерің ілгерінді!!!
Көне тарих ескі нарқымен,
Деді Сəбең байсалды қалпыменен.
Айтты одан соң Адайдың тентектігін,
Қонысы бір Түркімен халқыменен.
Əңгіме мен кеңеске қысылған ба,
Тұрақ болған ежелгі мұсылманға.
Меккеде де болғанын жасырмастан,
Біраз кеңес қозғалды Мысырдан да.
Көпті көрген дананың тұрғысында,
Əңгімесін бір кезек бұрды сынға.
Түрікте қазақтың сорлы екенін,
Қалмағанын қазақтық тұрмысында.
Мал боп жүрген шығыстың даласында,
Пакистан мен Ауғанның арасында.
Біраз ғана қазаққа жолыққанын,
Бейшаралар естіп те сезінбеген.
Осыменен кеңесін тауысты да,
Сөз кезегі сұраққа ауысты да.
Əдебиет жайына біраз тоқтап,
Атап өтті қол жеткен табысты да.
Үш сағаттық мерзімге таяп барып,
Жиынымыз көңілді аяқталып.
Қолтаңбасын ағаның алғаннан соң,
Көңіліміз сап тауып, тояттадық.
Өтелмеген парыздар мойында бар,
Алда күткен мүшелді тойым да бар.
Танытатын қазақты, тарататын
Шежіре де жазбақшы ойым да бар.
«Аққан жұлдыз» дегеннің соңын бағар,
Ойымда бар. Көп нəрсе қолымда бар.
Келер болсам Тəтемнің жасына егер,
Деп ойлаймын бəрі де орындалар.
Сараң болма Ақтан, сен хат-хабарға,
Дəм тат бізден, қолайлы шақта бар да.
Мен де қарап қалмаспын бір очерк,
Жазармын-ау – деп еді аттанарда.


Сонан бері сан жылдар салды соқпақ,
(Несібесін тірілер алды жоқтап)
Келтірмеді сұм ажал мүмкіндігін,
Абзал жүрек мəңгіге қалды тоқтап.
Ауылымды мадақтап, мақтаны ғып,
Шалқып күліп, ағынан ақтарылып.
Жүрген шағы ағаның, шат бейнесі,
Қалды мəңгі жүректе жатталынып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу