Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  91


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Арасан сай

Арасан сай!
Аттап ем босағаңды,
Көңілім шалқып, көсегем қоса ағарды.
Теріп күнде бөбегім, мəз мəйраммын,
Қызылқат пен қарақат, тошалаңды.
Бұлағыңды құлдасам балық қуып
Балағымнан тартады шабыт буып.
Қыр қазағын сипаттап жыр жазамын
Өлең деген жұлдызым жанып туып.
Бедерлесем беткейін құм– шағылдың,
Жұпар исі аңқиды жусаныңның.
Бəрі шипа төсіңнің, бəрі дəрі,
Жүргендеймін ішінде нұр-сағымның.
Арасанын балқытып бұлаудайын,
Ойнақ салған сырқатты бұғаулаймын.
Арасан сай құт– мекен айналайын,
Бар қажетім өзіңде тұр-ау дайын.
Қымыз деген бал барын, сүт тағамда,
Не жетеді түсіне құптағанға!
Өкінемін бұл өлке ұқпағанға,
Құмарлана, құныға жұтпағанға.
Қой қаптатып таулардың қатпарына,
Қамшы басып сəйгүлік аттарына.
Қырандайын қияға өрмелейді,
Алпыс асқан ақсамай қарттары да.
Көз салсаңыз алқапты сайға мына,
Жолығасыз малшылар жайлауына.
Жусан иісі жұпардай сезіледі,
Бал татиды ұйыған айраны да.
Мұнда жақын аспанмен арақашық,
Бұлт түнейді таулармен араласып.
Мөлдір моншақ құлайды кірпігінен,
Қарамайды қатайса, қабақ ашып.
Түндікпенен желіде жағаласып,
Тақияңмен ойнайды ала қашып.
Бірақ таулар беп-бейғам көсіледі,
Жайып салып кеудесін алаң– ашық.
Қоңыраудай сыңғырлап бұлағы үнді,
Еліктіріп тұрады құлағыңды.
Тау басына қарасаң етегінен,
Жерден тауып аласың тымағыңды




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу