Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  77


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ағайын-ау, мұнша қалай сезбеген..

Ағайын-ау, мұнша қалай сезбеген,
Жаңбыр сынды хал сұраған сөз деген.
Бүкіл айыл сағынышын ақтарып,
Айтып жатыр көңілменен, көзбенен.
Қарағым-ау. Мұнша қалай шыдағам,
Бетімнен кеп сүйіп жатыр бір ағам.
Бір-ақ жылда бүкіл ауыл сағынып,
Астатөк боп жиылыпты-ау сыбағам.
Төркін деген неткен ыстық ел еді!
Мəртебемді бүгін көкпен теңеді.
Балбөбектер «ағам» келе жатыр деп,
Сонадайда құйындатып келеді.
Жете алмастай оған жүйрік құлан да!
Сағындырсам қайтер еді бұдан да?!
Бүкіл адам сыртқа шығып қарсы алып,
Мəз болып жүр құдағи мен құдам да.
Келіп жатыр үйге сыймай үйіліп,
Келіндерім сəлем берді иіліп.
Бір «тентегін» жетелеген кемпірлер,
Күміс моншақ жанарында түйіліп.
Аурудан аздап бейнет шексем де,
Сауығамын жайсаң ауылым, тек сенде!
Туыстарым, сендер есен болсын деп,
Көтерейін, бүгін өліп кетсем де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу