Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  80


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Қожа шөп

Арасан басы. Сан-түрлі сырқат жиылған,
Келген бар, тіпті, жол шегіп қия-қиырдан.
Жатырмыз жайлы Шегіртай деген мекенде,
Бөлісіп татып азғана дəмді бұйырған.
Жазылам деген күдерін əркім үзбейді,
Ынтығып тұрып дертіне шипа іздейді.
Қиылып тұрып қайталап сұрап алады,
Шипалық жайлы қалжыңдасаңыз да сіз мейлі.
«Қожа шөп» деген дəрі бар дейді тамсанып,
Шипаның сонда бəрі бар дейді жар салып.
Кептіріп алып, қайнатып ішсе болғаны,
Сырқатты жойып, береді-дейді– жан салып.
... Түс көрдік түгел тапсақ деп соны армандап,
Аптыққан көңіл түрі жоқ тіпті алданбақ.
«Қожа шөп» деген дəріні қолға түсірсек,
Тосатын сынды шаттығын сыйлап алдан бақ.
Аттылы-жаяу арасан басын кездік те,
Аттандық ерте бар жерін ептеп сездік те.
Шипасын тауып сырқаттан əбден айығып,
Қоялық дедік соңына соның тез нүкте.
Шипалық үшін шағындап алмай, мол алып,
Арасан басын айнадай етіп тонадық.
Ойласақ достар, «зұлымдық» екен мұнымыз,
Қалғаны болса бірігіп бас-көз болалық.
Тиді ме, жоқ па кім білсін оның көмегі,
Сауықса əркім, болды деп содан көреді.
Меніңше бұлай тозғанша мүлде тоналып,
Арман боп сол шөп табылмай қойса жөн еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу