Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  294


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ауылымның ақ қанат арулары

Атқан таңмен сыланып тайталасып,
Əн-пернесін еңбектің қайта басып.
Шығып келе жатады күнмен бірге,
Ақ Отаудың есігін айқара ашып.
Елеңдеген жүрегі ел ісіне,
Елік мүсін, ауылдың перісіне.
Күн сұқтанып қараса, ару көзі,
Ең алдымен түседі желісіне.
Балаусалы шалғынды қосып асап,
Қос бүйірі томпиып, көсіле сап.
Ыңырана күйсеген бұзауларын,
Түгендейді жанарын тесіле сап.
Елестетіп, аққудың ақ қанатын,
Киініп ап үстіне ақ қалатын.
Еңбек тойын бастайды, күн сайынғы,
Шабыттана, шаттана атқаратын.
Мөшкелері ай мүйіз, ояң маңдай,
Ұйқысынан түс көріп оянғандай.
Керіледі жер сызып желіндері,
Жалт-жұлт етіп нұрменен боянғандай.
Табын баптап өсіріп сүттісінен,
Тəмсіл болып танылған құтты ісімен.
Аққу қанат, ақ тамақ арулардың.
Айнымайды өңі де сүт түсінен.
Алтын сəуле қолдағы жүзігіндей,
Мама емшектер Кавказдың жүзігіндей.
Ақ моншақтар шелекке сауылдайды,
Ақша бұлттың үлпілдек үзігіндей.
Сүт сабаның тұрғандай иі қанбай,
Тыншымайды саусақтар құйып алмай.
Байқасаңыз шелекке ақ сүт емес,
Көшпелі алтын көлкілдеп ұйығандай.
Мекен салып ақ желкен, күміс тауға,
Ауасымен саумалдай тыныстауда.
Ақ қанатты осынау арулардың,
Жеткізсе екен қолынан бір ұстауға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу