Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  84


Автор: Имашхан Байбатырұлы

«Жеке батыр» жел жағында сыбанып...

«Жеке батыр» жел жағында сыбанып,
«Үш аруың» ық жағында сыланып.
Шіркін Көкше!
Төрт құбылаң сай тұр-ау,
Оқжетпесің космосқа сұранып.
Болсамдағы екі-үш-ақ күн, аз-ақ күн,
Сенде көрген кербездікке ғажаппын.
Қас батырға жібермеген есесін,
Қас сұлуға есі кеткен қазақпын.
Оу, Көкшетау!
Қас сұлуым, кербезім,
Сына мені, жыр-шабытты бер де өзің.
өлең болып құшақтассын өзіңмен,
менің дағы шалқар шағым,
дер кезім.
Сұлулық пен даңқ деген мінбелес,
Соның үшін күнде майдан күнде егес.
Мені ептеп күндесе де біреулер,
Сені сірə, күндемес те, үндемес.
Жер бетінде саған теңдес тұрарлық,
– Тау жоқ! – дейді, мендегі тау құмарлық.
Оу, Көкшетау!
Келбеттім-ау өзіңе,
Жүрегімді тағып кеттім тұмар ғып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу