Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  114


Автор: Имашхан Байбатырұлы

ҚЫЗЫЛТӨБЕ

Таңдайына судың тосып тұнығын,
Күн аймалап жел сыйпаған тұлымын.
Буы шалған мейірімді жүректің,
Қызылтөбе деген жердің ұлымын.
Өспесе де төбесіне топ шынар,
Ондай қымбат менің үшін жоқ шығар.
Жүрсемдағы Алтай менен Хангайда,
Сол төбені аңсап жүрек жоқсынар.
Балаусасы басталатын іргеден,
Жер ұйығым уыз ағар сірнеден.
Ол жоқ жерде бабым, күйім кем түсіп,
Жүрем ылғи ұмыт қалып бірдеңем.
Ақылым шақ, тар болса да тұлыбым,
Жырмен басқан аш көңілдің құнығын.
Көп тыңдаған шежіредей қарттарды,
Қызылтөбе деген жердің ұлымын.
Өзіме шақ шаттығымның тұрағы,
Болғаннан соң жүрек солай бұрады.
Менің үшін сол төбенің еңсесі,
Гималайдан биік шығып тұрады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу