Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  86


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Көкшетаудың көркі мен нұры сынды...

Көкшетаудың көркі мен нұры сынды,
Бір қарындас алқызыл гүл ұсынды.
Жүрегімнің соғысын жиілетіп,
Баяулата қойғандай тынысымды.
Өзі де гүл албырап тұрған балқып,
Гүл бар деуге сенбестей бұдан да артық.
Елік сымбат еркенің өзі дерсің,
Сұсты көзін жастықтың бұрған тартып.
Сыйыңа сый жасасам жарар еді,
Жүрек оты жалт етіп жанар еді.
Ағамыз да көргенді кісі екен деп,
Ибалықпен иіліп қалар еді.
Деген бір ой атойлап жарып шықты,
Сары алтындай сабырлы талықсытты.
Значок бар еді оң қалтамда,
Қолым «сорлы» лып етіп алып шықты.
Құрметім – деп ағалық жолыңдағы,
Қадамақ боп белгіні қолымдағы.
Таяп едім,
Саусағым дір-дір етіп,
Бұлқынып тұр жүрегі оныңдағы.
Қимастықпен сыйлауға бекіп үзген,
Гүл реңі көрініп бетімізден.
Тіл қатыспай сол қалпы кете бардық,
Жасықпыз-ау, жігіттер, шетімізден.
Сол сəт үшін əлі де қысыламын,
Бір арманды кеудемнен ұшырамын.
Аты таңсық аяулы қарындасқа,
Осы жырды ізетпен ұсынамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу