Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  54


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Менен алсаң паңдық пен салдың басын...

Менен алсаң паңдық пен салдың басын,
Сан жылдарға шабытың шалдықпасын.
Деп тұрғандай Оқжетпес күлімдейді,
«Қыз жүгіндей» құбылтып сандық тасын.
Бір кеміс жоқ сом біткен тұлғасында,
өзі сынды сырласым, мұңдасым да,
Сол жағымда – Оқжетпес,
Оң жағымда –
Жұбан аға-жыр шыңы тұр қасымда.
Екеуіне ойменен шолып қарап,
Тояттайды көңілім қонып тағат.
Мен де самғап жүргендей сезінемін,
Шарапаты ағаның болып қанат.
Тұғырымды биіктей түстетін деп,
Толғанып ем ой бөліп, күш бейімдеп.
Қыран шабыт қолыма қонбай қойды,
Оқжетпестің басынан түспеймін деп.
Арасында тұрып ап қос биіктің,
Жыр жазам деп
Масқара-ай!
Бос күйіппін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу