Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  86


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Он бесі еді майдың да...

Алау шашып тұрған шағы еді айдың да,
Сен де он бесте ең, он бесі майдың да.
Қобда өзеннің жағасында, жасаңда,
Отырған ек қатар қарап айдынға.
Құшағымда бір қуанып, бір сынып,
Қоюшы едің сен ақырын күрсініп.
Екі ұяға қонармыз деп ойласам,
Ет жүрегім кетуші еді түршігіп.
Ерік беріп жастық деген күштіге,
Жеңіл шапан киюші едің үстіңе.
Беліңде де сары белбеуің бар еді-ау.
Ерке қалқам, енді есіңе түсті ме?
Басымызға бақыт келіп қонса да,
Балдыр бөбек бөлмемізге толса да.
Сенің балғын кездеріңді еске алам,
Сонан бері жиырма жыл болса да.
Жан болып па махаббаттан шаршаған,
Тос ерніңді, сүйіп тұрып жар салам:
– Маздасын,– деп махаббаттар мəңгілік,
Майдың таңын баяғыдай қарсы алам!
Тамағың қардан аппақ, балдан жұмсақ,
Аққудай айдындағы қалған жусап.
Жанарың көлден тұнық– жатқан тұнып,
Батамын тұңғиыққа арман қусақ.
Келбетің күннің шуақ алауындай,
Кірпігің мəңгі қойған қарауылдай.
Жылы сəт дүниеде болар ма екен,
Жалт етіп сенің оқыс қарауыңдай.
Қыр мұрын– ойлы жердің қыратындай,
Жұқа ерін жүдеп жетер мұратымдай.
Жүрегің болар-болмас дір-дір етіп,
Қос анар əрең-əрең тұр атылмай.
Көңілді сабасынан толқымаған,
Теңізге теңесем де олқы маған.
Құлатып қос бұрымды мықыныңа,
Япырай, қандай шебер шолпылаған?
Арылтып арманымды үзіктерден,
Жалғаған үмітімді үзіп келген.
Тағдырға мың қайтара ризамын,
Тісіңді меруерттен тізіп берген.
Көз жаулап құлын мүсін ары айналсаң,
Лап етіп өртенемін қарай қалсаң.
Шарпыған болар сенің шарапатың,
Жаныңа жақын тартып талай барсам.
Сабыры сарқылмайтын тəліміңді ап,
Жолдармын өзіңе арнап əлі мың хат.
Кім білсін сүйгендіктің əлегі ме,
Мен үшін сендегінің бəрі қымбат.
Ақ күміс ағындарын шапқылатқан,
Су алып самал кеште ақ бұлақтан.
Алаулап ақша бетің тұрма екенсің,
Өріктің ағашындай ақ гүл атқан.
Келетін бақытыңды күле күтіп,
Жаныңа сабырлық жүре бітіп.
Жігітке жауап қатпай тұрма екенсің,
Алманың реңіндей күреңітіп.
Жүрегін бір жігіттің жатқа біліп,
Ісіңе дос сүйсініп, жат табынып.
Жалт етіп жанар отың тұрма екенсің,
Шаттықтан назды күлкің ақтарылып.
Тілейін басыңа бақ қонса екен деп,
Лəйім солай ғана болса екен деп!
Жалын атқан жас едік оттығынан,
Алып келген асаудың шоқтығынан.
Іні ержетіп, ибалы келін түсіп,
Жуасыдық амалдың жоқтығынан.
Далақтамай самайы ағарғанша,
Қойса ғой деп оқты көз қадалғанша.
Қояйық деп тізгінсіз жындылықты,
Тоқырадық өйтпесек, амал қанша.
Жардың қамын тағыда жеген болдық,
Қартайдық қой-тоқтайық деген болдық.
Ортасында он жастық кішілердің,
Селт етпейтін салмақты керең болдық.
Ажыратып балауса бала жастан,
Албырттықтың бірі жоқ ала қашқан.
Көлеңкені жамылып екеу тұрса,
Қашар болдық бетіне қарамастан.
Былқ етпестен ауылдас қатар қондық,
Шарапты да «бұлданып» татар болдық.
Кешке қарай шығудан жүрексініп,
Бір кітапты бетке ұстап жатар болдық.
Жүрек те бəс, сонау түн жанып шыққан,
Көңіл де мас бейжайлық талықсытқан.
Күндерде жоқ барыңды киіндіріп,
Безектетіп көшеге алып шыққан.
Дірдектетіп талаймен таныстырған,
Асау сезім бəсеңсіп, алыстырған.
Бабалардың сөзіне көнгендейміз,
Қайық пенен кемені салыстырған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу