Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  58


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Бөкентауға

Көңіліндей халқымның,
Жарқырайды ақ басың.
Кім біліпті алтынның,
Сенде бұғып жатпасын.
Тереземнен қарасам,
Сені көрем еңселі.
Таптырмайтын арасан,
Болар ма деп мен сені.
Ойлы көзбен шоламын,
Қиялымды бөлмелеп.
Шықпақшы да боламын,
Биігіңе өрмелеп.
Жүрсемдағы қасыңда,
Көрмеппін-ау сені елеп.
Сенде жүрген арланды.
Алтайда деп ойлаппын.
Қуып шаттық күлкіні,
Қызығына тоймаппын.
Сенде жүрген түлкіні,
Мұзтауда деп ойлаппын.
Басыңдағы мұнарды,
Айықпайтын күз деппін.
Қойныңдағы ұларды.
Бесбогдадан іздеппін.
Суырыңды құт қой деп,
Көзіме де ілмеппін.
Балаусаңды сүт қой деп.
Бағалай да білмеппін.
Саған шығып қайтатын,
Тыңдай қалсам ұлымды.
Ертегі ғып айтады,
Кекілік пен шылыңды.
Жан болсам да ой буған,
Бəрін іштей сеземін.
Əкепті ұстап қойныңнан,
Қоянның жас көжегін.
Қарасындай көзіңнің,
Мəпелейді ол қоянды.
Саған деген сезімім,
Сонан барып оянды.
Кешіре гөр, сен мені,
Биігіңді шолармын.
Қасиетті сендегі,
Кеш түсінген болармын.
Алыстатсаң басыңды,
Шын бағаңды ұғармыз.
Сендей талай асылды,
Көрмей жүрген шығармыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу