Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  81


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Жүрегімде...

Киінді неге асығыс дала тынбай,
Тойынан құрбысының қалатындай.
Жүгірді бұлақ неге қырдан ойға,
Алдынан ана күтіп алатындай.
Қашатын тымақ алып атқа мықты,
Жел қайда, кім жинады ақ мамықты?
Түсіндім гүл көтерген көктем келіп,
Алысқа қыс жолаушы аттаныпты.
Көктемде гүл өседі, жыр туады,
Кешегі жамау өлең жыртылады.
Өмірге жаңа келген бала-бидай,
Ширатар жігіт болып мұртын əлі.
Нұр көктем неткен жомарт сылқым еді,
Бақтарда құшақ-құшақ сыр түнеді.
Тіршілік жер астынан шыға келіп,
Жапырақ талға қонып сілкінеді.
Табиғат қаз даусына құлақ түрді,
Терезе қысты ұзатып жылап тұрды.
Өзендер мұз көрпесін сілкіп ашып,
Жағаға жұлып-жұлып лақтырады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу