Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  70


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Қобда өзенінің мұңы

Анасы тіршіліктің – ұлық едім,
Айнадай мөлдіреген тұнық едім.
Алтайдан Қара көлге сапар шегіп,
Талай жыл сол сымбатпен тұрып едім.
Ол кезде сынапта-ақ асыл едім,
Талайдың сарықтарын басып едім.
Ойласаң болмас па еді ақылды адам!
Саған да талай ағаш тасып едім.
Тауыңның тамырын да балқытқан ем,
Жайқалтып шалғыныңды шалқытқан ем.
Қырым – мал, қойным – балық, өзім –сусын,
Молайтып ырысыңды артылтқан ем.
Сусындап нелер сұңқар, небір елік,
Еміп ед шарбатымды еміреніп,
Өзіңе сенгендіктен, ақылды адам,
Мен дағы иіп едім тебіреніп.
Ол кезде мен де еркін көсіліп ем,
Жағама қалың тоғай өсіріп ем.
Бұл күнде шыға келдім жалаңаш боп,
Сен,адам!Өршелене өшігіп ең.
Арың жоқ кешегідей шалған шыңды,
Барлығы бұл күндері арман сынды.
Арнама қоқыс толып, көзім бітіп,
Қаңқиған қаңқам ғана қалған сынды.
Ешкім жоқ мені күтіп əсемдеген,
Сондықтан ағыным да бəсеңдеген.
Ылайлап тұнығымды мəз боп жүрсің,
Ей,адам!Маған сонша қас ең неден?!
Үңілші жақындап бір жағалауға,
Айналдым керегіңе жарамауға.
Өзегім өрім-өрім, тілім-тілім,
Бола ма мені осылай жаралауға?!
Өкпем не кінə тағып жазаласаң,
Жөн шығар мəпелеумен мазаласаң.
Ойласаң ақылға сап құтыңмын ғой,
Бірауық нең кетеді тазаласаң!
Қаланың тұрғыны деп аталғандар,
Не деген мейірімі жоқ қатал жандар!
Көрсетер құрметің осы болса,
Бəріңе рахмет,«қаһармандар!»
Бұл күнде таусылардай шағымдамын,
Анаңдай əркез сенің жағыңдамын.
Арғысын өзің ойлан, ақылды адам,
Бұл менің ең соңғы рет шағынғаным!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу