Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  73


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ағайын атынан

– Төңкерісшіл жауынгер дəстүрі бар,
Ежелден -ақ қажырлы жастығы бар.
Біз білеміз қазақты еңбек сүйгіш,
Еңбегінің еселі тасқыны бар.
Алған беттен, сертінен шегінбейтін,
Мақсатынан басқаға телінбейтін.
Біз білеміз қазақты жаны жайсаң,
Дегенінен басқаға берілмейтін.
Ер қазақ –деп–жасаған жаңа қадам,
Еліміздің басшысы бағалаған.
Əлденеше бесжылдық бəйгеңізді,
Менің халқым еңбекпен ағалаған.
Мақтау емес бұл баға жүйесі жоқ,
Талай сыйлық өзіңе тиесі боп.
Менің халқым танылған елімізге,
Қызыл тулы орденнің иесі боп.
Қиын қыстау күнде де қаймықпаған,
Еш нəрседен көңілі шайлықпаған.
Жетіп келген қашан да дегеніне,
Еш құдірет сертінен айнытпаған.
Шыққан болсақ жылдардың өріне біз,
Əлі сондай биіктен көрінеміз.
Биылғы жыл болған соң малым семіз,
Келер жылы туады төлім егіз.
Қыстың қамын көктемнен қолға аламыз,
Жемшөп жайын көп болып толғанамыз.
Отарында отардың қона түнеп,
Өнегесін Ақанның қолданамыз.
Бізге тиіп еңбектің төрі мүлде,
Болат балқып ұстаның көрігінде.
Күшімізбен, ұқыпты ісімізбен,
Еселейміз өндіріс өнімін де.
Арын жылдар ағындап жөнелгенде,
Жақсы салты халқымның көнерген бе!
Мұрамызды жаңартып гүлдендіріп,
Көрінеміз мұңдалап өнерден де.
Күшімізді ширатып, вахтаға сап,
өзімізді өзіміз баптамасақ.
Ұят болар, ағайын, аялаған,
Партияның сенімін ақтамасақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу