Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  49


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Бəріңе бақыт тілеймін

Нар-ағам, бозтарланым, ақайылым,
Ай – əжем, алтын – анам, арай – інім.
Жан досым, жарқын құрбым, бал-бөбегім,
Армысың, асыл туған ағайыным!
Əжелер – ақ самайын қырау шалған,
Қорғаған арын таза тұман, шаңнан.
Жақтаған адалдықты жан едіңдер,
Өзгенің жоғына да сұрау салған.
Кемдік жоқ бұл күндері қыз-ұлыңда,
Жастықтың жалындап жүр қызуында.
Жүзіңді жүзге дейін мұң шалмасын,
Көріп өт немереңнің қызығын да!
Нар аға, өмірді өткен астаң-кестең,
Аш – тоқты, бар мен жоқты бастан кешкен.
Сен дағы күлімдеп өт, ертегі етіп,
Кешегі ауылыңды қашқан – көшкен.
Қырандай қия шыңды таңдадыңдар,
Бел шешіп, баптанып дем алмадыңдар.
Бүгінгі əр ағашта, əр кірпіште,
Сендердің терлерің бар, қандарың бар!
Ақ ана, нар ағаның қанатындай,
Жолың бар ғасырларға баратындай.
Жар күтіп, бала бақтың тар күнде де,
Жөнің бар бақытты еркін табатындай.
Мал бақтың түзде егін дестеледің,
От жақтың, үйде бұйым кестеледің.
Ал, бүгін «ардақты ана» атаныпсың,
Кеп-кеше жайсыз өмір кешкен едің.
Жаныңа шаттық қана тұрақтанып,
Күлумен көңіліңнен күй ақтарып.
Балаңнан бала сүйіп отыра бер,
Өзің бір ясли сияқтанып.
Жан досым, жалын құрбым өнер қуған,
Сендермен өткен еді нелер думан.
Аялап өздеріңді жүремін мен,
Ортаңнан ойлы шыққан,шебер туған.
Қарасаң кешегіні салғастырып,
Ағаның асыл ісін жалғастырып.
Бүгінді жасап жатқан сендерсіңдер,
Ескіні жаңаменен алмастырып.
Телегей еңбектегі табысыңнан,
Бұл күнде дұшпаныңның сағы сынған.
Жан – досым, жалын құрбым, сілтей бергін,
Танбастан экспресс шабысыңнан.
Ерке інім, ибағатты қарындасым!
Жанатын жай отындай шағыңдасың.
Қылыштай қиып түсер жастығыңмен,
Еңбегің елге деген жалындасын!
Бал – бөбек, гүл шоғындай бапталынған,
Кетпесін əнші бұлбұл бақтарыңнан.
Күншуақ күлкілерің тасқындасын,
Ананың алғысындай ақтарылған!
Мен де бір құт ұяның түлегі едім,
Өздерің өмірімнің тірегі едің.
Əрқашан шаттықпенен жолығайық,
Бəріңе бақыт болсын тілегенім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу