Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  83


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Өлең туарда

Сыншыларым мүйіздеп жүрмесін деп,
Сырластарым мысқылдап күлмесін деп.
Өзімді-өзім құлыптап иен үйге,
Отырамын өлеңнің түрмесінде.
Ондай кезде ұқпаймын не десең де,
Қыңқ етпеймін есекке теңесең де.
Тілсіз мылқау, құлақсыз керең болып,
Отырамын ойыммен егесем де.
Қалмайын деп шаладай бықсық болып,
Көргемін жоқ шыр бітіп, шықшыт толып.
Шабыт деген үркек қой байқа, жаным,
Кекіліктей кетпесін быт-шыт болып.
Ерімесе шын ақын ішіменен,
Тумайды өлең білектің күшіменен.
Ондай шақта жаныма жақындасаң –
Қозғала гөр аяқтың ұшыменен.
Дабыра ғып ақын деп таудай етіп,
Жүрген елден жүрмейтін шалғай кетіп.
Шабыт деген өткінші бұлт секілді,
Байқамасаң кетеді жаумай өтіп.
Оқшауланып дос–жора туысымнан,
Бошалаған інгендей тұрысымнан.
Түңілме тек, бұл өлең құм секілді,
Сусып түсіп кетпесін уысымнан.
Шоқтай балқып сөнбеген қызуы əлі,
Жанды ерітіп, сұлудай сызылады.
Өлең деген кінəмшіл, шамкөс нəрсе,
Жақындама–
Сабындай бұзылады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу