Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  81


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Малшы болсам егер мен...

Түске дейін жатпас ем,
Малды үйден бақпас ем.
Жоғалды деп еңіреп,
Семіздерін сатпас ем.
Бірдей таңба салмас ем,
Арамдыққа бармас ем.
Жақсы малын қоғамның,
Ауыстырып алмас ем.
Сірə тыным таппас ем,
Немқұрайлы бақпас ем.
Өз малымның шығынын,
Қоғамдыққа жаппас ем.
Адалдықтан танбас ем,
Жаманатқа қалмас ем.
Бірлестіктің шөбінен,
Өз атыма салмас ем.
Бір мінезден аумас ем,
Дау сап күнде жаумас ем.
Ұзіп-жұлып өнімін.
Ұрлап-жырлап саумас ем.
Жаздай сауық құрмас ем,
Істен мойын бұрмас ем.
Бірлестікке міндет қып,
Қол қусырып тұрмас ем.
Бір де малды ұрмас ем,
Жүнінен де жұлмас ем.
Жауыр етіп арқасын,
Мұрындарын жырмас ем.
Отарлатып бағар ем,
Ел жұртыма жағар ем.
Еңбегіме лайық,
Кеудеме орден тағар ем.
Таңмен бірге өрер ем,
Күнді өрісте көрер ем.
Отын, шөлін қандырып,
Жұлдыз шыға келер ем.
Еркінсітіп соныға,
Таудың бағып жонына.
Қанымды ғып ащысын,
Дайындар ем оны да.
Түшкірсе де емдер ем,
Түртінсе де жемдер ем.
Ыңыранып жатса да,
Бір асауы кем дер ем.
Қораны ерте ояр ем,
Жердің сызын жояр ем.
Қоңыр көңін кептіріп,
Жұтындырып қояр ем.
Тыныштықты қияр ем,
Сол ұйқыны тияр ем.
Ертеңді-кеш қашаның,
Құлағынан жияр ем.
Қыстау маңын ояр ем,
Қаңтарда əрең таяр ем.
Суық күні малымды,
Күнгейлерге жаяр ем.
Осылайша бағар ем,
Ел-жұртыма жағар ем.
Еңбегіме лайық,
Кеудеме орден тағар ем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу