Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  89


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Мұңдасу

– Қызылтөбем, аяуым, жарықтығым
Қайда менің сендегі жарық күнім?
Қайда менің сендегі асқар шыңым
Қайда сенің кешегі алыптығың?
Кеткенің бе, асқарым, аласарып
Жүрегіне ұлыңның жара салып.
Жасқа толған көзімді мөлтеңдетіп
Келбетіңе қараймын тамаша ғып.
Қайда менің, асылым, асқар тауым?
Мен болдым ба аямас қастас жауың.
Неге бүгін тұңжырап үндемейді
Кеше ғана тілектес, достас қауым.
Қатыгез боп сен бүгін барамысың
Көңіліме қаяу сап қаламысың.
Сыртым бүтін, сыр бермей жүргеніммен
Жалын болып өртеніп барады ішім.
Қайда менің жайсаңым, жайраңдаған
Алшаң басып төсіңді сайраңдаған.
Айтшы деймін, тас мылқау! Əлдем қайда
Оттан ыстық құшағын жайған маған.
– Е, қарағым сабыр ет!
Тоқта балам.
Тағдыр ғой бұл бəрін де ноқталаған.
Тағдыр солай болған соң көнесің ғой
Кім бар дейсің əкесін жоқтамаған.
Егілерсің, есілім, үгілерсің
Жылап-жылап ақыры түңілерсің.
Ертең өзің ес болып алған соң
Бұл да салған тағдырдың жүгі дерсің.
Екі аяқ жер басқан адамдардан
Кім бар дейсің ажалдан аман қалған.
Жастайынан əлдеңді еңіретіп,
Ойлар болсаң, аямай бабаңды алған.
Бола жаздап жылаудан соқыр адам
Күдер үзіп олар да тоқыраған.
Сен де тоқта. Жас бала емессің ғой
Ес жимаған ақыл да тоқымаған.
– Солай деші, бұл қолқаң болар ма екен,
Көңіліме ақылың қонар ма екен
Мың бақытты болсам да бұдан кейін,
Асылымның орыны толар ма екен.
Қайғыменен жанымды жаралаған
Сыйқың құрысын панаға жарамаған.
Табармын ба іздесем алтынымды,
Өмір бойы бетіме қарамаған.
Үміт шіркін жарқырап жанатындай
Арман күтіп алдымнан алатындай.
Асылымды іздеймін жан-жағымнан
Капелімде кездесіп қалатындай.
Тағдыр жібіп, тілекті беретіндей
Қалауына жүректің еретіндей.
Елеңдеймін үйде де есік жаққа
Үйге кіріп жан– əкем келетіндей.
Қу көңілім қурайдай сынар ма екен.
Қу үмітім қайғымен тынар ма екен.
Бей-жай болып жүргенде асқар тауым
Бір жалт етіп алдымнан шығар-ма екен.
– Сабыр керек, қайғының қандайына
Түсін балам, менің де хал-жайыма.
Жарық жұлдыз секілді екеу еді
Екеуі де сыймады маңдайыма.
Ақ алғыстан басқадай бата алмаған
Абзал еді еңбексіз жата алмаған.
Ағайынға береке, қамқор еді
Оның жоғы сенен де батар маған.
Асыл еді еңсемді биіктеткен
Екеуі де елжірей сүйіп кеткен.
Тастай қатқан тағдырға амал бар ма
Қайғылы еткен біздерді күйікті еткен.
Қалдым мен де құлазып, дала болып
Аңыраймын ақ басты ана болып.
Қос есілім бұл күнде тірі болса
Айшылықтан келмес пе ара қонып.
Қатып қалған тағдырға шара бар ма
Жібір болса жүректі жаралар ма.
Шыдау керек, қарағым, түсінемін
Жүк болардай қайғың бар қара нарға.
Адамбыз ғой таусылмас, арманы көп
Ең болмаса жетпіске бармады деп.
Өкінемін бұл күнде асылымның,
Болмағанда шөлі бір қанбады деп.
Таусылмайды-ау арманы тірі адамның,
Бір ғасырын берсеші дін аманның.
Тарыққан соң айтқан ғой тағдыр қайдан,
Бере-берсін барлығын сұрағанның.
Ыржиямын бұл күнде күлген болып,
Шаттық қуып, мəз-майрам жүрген болып.
Сыртым жарқын болғанмен ішім жалын,
Кеудем жүр ғой қайғыға мүлдем толып.
Қайдан білсін жұрт менің іштегімді,
Таудан бірақ саудырап түскенімді.
Қайдан білсін жұрт менің мəңгі-бақи.
Жазылмайтын бір уды ішкенімді.
Алдап кетер тірлікке алданам да,
Күйбеңдеймін онымды аңғарам ба.
Ішім толып бір сəтке кетер ме еді,
Ауық–ауық күрсініп алмағанда.
Осы екен ғой баянсыз жалған деген,
Осы екен ғой аңырап қалған деген.
Осы екен ғой бір сəтке кетер ме еді,
Таусылар ма іштегі арман деген.
Онсыз шала бықсыған шоқтаймын ғой,
Жаным бөлек болған соң тоқтаймын ғой.
Əр күн сайын білініп жоқ екені.
Əр күн сайын егіліп жоқтаймын ғой.
Қызыл төбем тіліңе көнейінші,
Тоқта десең – тоқтап бір көрейінші.
Тоқтау айтар жанға да зар болармын.
Қалғандарға қамқорлық бөлейінші.
Ақ бұлақтай шапқылап қарлы құздан,
Ақ толқындай екпіндеп жарды бұзған.
Сағынышпен сабылып біз келгенде,
Əлдемдей боп қабыл ал алдымыздан.
Айналайын, айналдым ақылыңнан,
Құрақ ұшып жүйеге жапырылған.
Аңыраған ауылға тоқтау болған,
Айналмасқа бола ма ақын ұлдан.
Мен де саған иланып баласынбай,
Əлпештейін көзімнің қарасындай.
Мың жасатып Əлдемің ұрпақтарын.
Өсіріңдер саусақтың саласындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу