Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  755


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Келдік міне, қырықтың кезеңіне...

Келдік міне, қырықтың кезеңіне,
Бізге түсті ақылдың кезегі де.
Нардай болып салмағын көтермесек,
Асыр салған сəбилер кезеді не.
Берер ме енді қырықтың жиырмасын,
Кім біледі бұйырар, бұйырмасын.
Отың болса бір жанар кезің осы,
Мəпелемей көңілдің күйін басым.
Жантайғанда жарық күн – жанар сөніп,
Ісімізге ұрпақтар қарар сөгіп.
Қырқасында қырықтың бір жанбаған,
Елуінде езіліп қалар сөніп.
Өте шығар бұл дəурен аттай желіп,
Құтылармыз бəйгесін шаппай беріп.
Барың болса кезінде ақтарып қал,
Не қыласың ішіңе сақтай беріп.
Жетпесек те жер орта жасымызға,
Кəрілік деген жүріпті-ау қасымызда.
Келіншекке қырындар шағымызда,
Ақ түсіпті, құдай-ау, басымызға.
Жастық гүлін енді-енді үземіз бе,
Деп жүргенде айдында жүземіз бе.
Сытырлайды сиырдың бақайындай,
Құдай атқыр не болған тіземізге.
Түп құйрықтай сақалдан жасқанбай-ақ.
Жүрер едік жаңа отыз асқандай-ақ.
Əудем жерге кеудеміз алқынады.
Бетімізге өрмекші тор құрғандай.
Шағындалып келе ме күшіміз де,
Таяқ жейміз əйелден түсімізде.
Жігіт те емес, шал да емес, алжып жүріп,
Нəтижені жоқ қылмайық ісімізде.
Жетпесек те жер орта жасымызға,
Кəрілік деген жүріпті-ау қасымызда.
Ойланбасақ жігіттер, болмайды екен,
Ақ түсіпті, құдай-ау басымызға.
Қандай қызық десеңші ат байлаған,
Ондай қымбат шақтарды таппайды адам.
Атам қазақ жаратқан жалғыз атын,
Жалғыз атты мендағы баптай бағам.
Ол тұрады ширығып, сағындырып,
Ащы терін аламын сабын қылып.
Бабыңменен бағымды сынамасам,
Қалмаймын ба өкініп, санымды ұрып.
Күн аттатып саламын қара жарыс,
Көмбеміз де ұзарып барады алыс.
Төбем көкке жетуге сəл қалады,
Озып келсе ат мойны бала қарыс.
Қалып қойса сойында, қайран болып,
Көңілімде жатады майдан болып.
Тілерсегі қалтырап, қалғып келіп,
Жалғыз атым тұрады айран болып.
Құлын даусын шығармай сыңғырлатып,
Бей-жай күйде қоймалжың түнді ұрлатып.
Төрт аяғын тең тіреп сілкінеді,
Ауыздығын шайнайды ол сылдырлатып.
Аш көңілдің құмарын қандырамын,
Сөніп кеткен үмітті жандырамын.
Сал–сал болып таң асқан жүйрігімді,
Құла таңда оянып, шалдырамын.
Қайта əкеліп байлаймын кермесіне,
Жатып алып ұйықтайды ол кең өсіле.
Ертеңінде тұрады шыр айналып,
Төселгендей тыныштық бермесіме.
Ащы тердің жоғалмай анық табы,
Қара жарыс саламын барып тағы.
Озып келсе бəйгеден мəртебе ғой,
Атымды атым ел – жұртқа танытқаны.
Бірақ, бірақ тиген жоқ нақ сыбағам,
Əлі күнге кезім жоқ бап сынаған!
Жүйрік қосып, қоңылтақ бəйге алғаннан,
Үзілмейтін үмітім жақсы маған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу