Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  83


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Халқыма айтар сөз

Менің халқым айнымаған ерліктен,
Қаймықпаған қиындықтан бел бүккен.
Еңбегімен қызыл тулы орден ап,
Зор сенімді ақтап келген ел күткен.
Менің халқым гүлге бөлеп тұрағын,
Əйгілеген салтыменен жыр, əнін.
Менің халқым, айналайын, ер халқым,
Бағындырған көктің де асау қыранын.
Менің халқым ежелден ер қайтпаған,
Бір айтқанын екі қайта айтпаған.
Менің халқым, айналайын өзіңе,
Туып отыр бір сөз айтар жайт маған.
Сеніп айтам, кесіп айтам өзім деп,
Төл – майданда шыңдалсыншы төзім деп.
Менің халқым, айналайын, ер халқым,
Тұр ғой сенің шарықтайтын кезің кеп.
Сенім артып еліміздің көсемі,
– Табыс пенен таныл – деді еселі.
Сенемін мен еңбек құмар өзіңе.
Болары шын табыстардың нөсері.
Шығайықшы ел шықпаған белеске,
Шығайықшы төл-майданда егеске.
Бізге сеніп аймағымыз басшысы,
Үкіметтен міндет алды емес пе.
Менің халқым, басшы саған сенді ғой,
Бізге деген адал сенім жеңді ғой.
Шығайықшы ел шықпаған белеске,
Серпілетін кезіміз бір келді ғой.
Кəне, халқым межемізді атайық,
Еңбекпенен игілікке батайық.
Бəйгелі боп, ұлан асыр той жасап,
Шаттықпенен құттықтасып жатайық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу