Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  61


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ағаларға

Алатаудай биік еңсе, нар мүсін,
Замананың арқалаған алғысын.
Үлкен үйдің, Алматының ардағы,
Батыр туған, ағаларым, армысың!
Жүрегіне білім нəрін түнеткен,
Өнерімен елін жайсаң гүл еткен.
Сəлем, аға, Отаудағы ініден,
Сүттей аппақ, күндей ыстық жүректен!
Ерлігің бар бүкіл ғалам бағалар,
Жалғыз өзің жарты əлемге бара-бар.
Төрім əзір, дос құшағым ашулы,
Төрлеңіздер, айналайын ағалар!
О бастан-ақ мен өзіңді сүйгенмін,
Сол сезіммен шат-шадыман күйге ендім.
Қалам ұстап əріпті де ең тұңғыш,
Өзің жазған оқулықтан үйрендім.
Күнім нұрлы нұр төгетін төбемнен,
Жаным жарқын қуанышқа бөленген.
Əр қашанда арқа тұтам өзіңді,
Сусындаймын аға жазған өлеңнен.
Өзіңменен бірге соғып жүрегім,
Қамқорыңмен қанаттанып түледім.
Сен қуансаң төбем көкке жетеді,
Сен шаттансаң мен де бірге күлемін.
Бірге атырып бақытымның ақ таңын,
Өзіңменен берік достық саптамын.
Сенің даңқың – маған мерей қашаннан,
Сенің биік абыройың – мақтаным!
Құт ұяда жүрек отын жандырып,
Бар əлемді құдіретімен таң ғылып.
(Аға көріп іні өседі емес пе,)
Аға даңқы арта берсін мəңгілік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу