Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  65


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Сыңаржақ басшының монологы

Сұмын басшы Смайылбек,
Морт үзіліп сынайын деп.
Жауар бұлттай түйіліп отыр,
Жоғарғы жаққа күйініп отыр.
Сүтін сауып бердік,
Шөбін шауып бердік,
Жетпеген етті елден сұрап,
Жоғын тауып бердік.
Қашан жетісіп күн көрдік,
Жаз бойы жүн тердік,
Солардың дегені жөн болып,
Қолымыз көң болып.
Қаша саламыз деп,
Аң атып аламыз деп,
Бір айдай тауда жүрдік,
Жұрттан өлгенде санаймыз деп,
Жоғалып кеткенді қараймыз деп.
Бір айдай дауда жүрдік.
Жоспарды толтырамыз деп,
Тұралап болдырамыз кеп,
Бұдан артық өл дей ме,
Көзі бар болса көрмей ме?!
«Айтқан сөз–атқан оқ,
Майыспас мақта боп,
Бəрін де хош ал» – дейді.
Тағы да ...
Мəдениетін осал дейді,
Сонда,
Мəдениетің төмендеп,
Кімді сабаймыз көгендеп,
Жалаңаш жүрген ешкім жоқ,
Абұйырымды төгем деп.
Кімнің сыбағасын ішіп,
Кімнің табағына түсіп,
Қашан несібесін алыппыз,
Қоймен өріп, қоймен жусаған,
Қышқылға ғана сусаған,
Моп-момақан халықпыз,
Оның үстіне құрылыс салмадың дейді,
Құрылыс салмаған соң,
Орнығып алмаған соң.
Дамымай қалғаның дейді,
Қай ата-бабамыз сарай салыпты,
Төрт керегесінен басқа,
Бір-бір бөлме үйіміз бар,
Тыраңдаған күйіміз бар.
Бұйырса осы да болмай ма,
Үй үстіне үй салатын қор қайда!
Оған қоса,
Алдыңды тоса,
Баспаны көптен алмайсың деп,
Онсыз алысқа бармайсың деп,
Тағы да кінəлайды,
Бұл да маған ұнамайды.
Қара танымай, қараңғы қалып.
Хатқа жарымай өзегі талып,
Кім көзін сатыпты,
Қай қазақ кітап жастанып жатыпты.
Кітап түгел құранды да елемеген,
Малдан басқаны бақытқа елемеген.
Орынсыз талаптың керегі не?
Салмай ма ақылдың елегіне,
Төлін алып берсек,
Қашасын салып берсек,
Жүнін жұлып берсек.
Қасқырын ұрып берсек.
Жоспарын асырып берсек,
Жоғын жасырып берсек,
Болды емес пе.
... Осындай сыңаржақ басшыны,
Көрмегеніміз оңды емес пе.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу