Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  52


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Жоғалған құдық

– О заманда бұ заман,
Қора тыныш, қыз аман.
Торғай қой үстіне қонардай,
Мына кезде жер жоғалмай.
Төрт құбыла сай тұрғанда.
Күндіз күн, түнде ай тұрғанда,
Ел шалқып, бай тұрғанда.
Төрт көз түгел, төрт кереге бүтін,
Төрт құбыла сай тұрғанда.
Желмен кететін топырақ, шаң емес,
Үзіліп қалатын моншақ, тана емес.
Тышқақтан өліп қара құзғын шұқитын,
Бит басқан лақ, қозы емес.
Құдық жоғалды дегенге кісі сенер ме?
Түсіңе еніп, есіңе келер ме?!
Мүмкін. Жоғалса жоғалғанда,
Адам іші тар ғой.
Үй-мүлкімен тоналған да,
Із-тозсыз кетіп оралған да.
Тұралап барып оңалған да,
Бар ғой.
Тайлақ байдың таңбалы түйесі де,
Айранбайдың ақ айыл биесі де.
Қайрақбайдың қара ала күшігі де,
Қаймақбайдың ақ бұйра ішігі де,
Жоғалған еді ғой.
Е, кімнің аман дейсің отбасы?!
Қиқымбайдың ноқтасы,
Əлгі тон басы –
Сылқымбайдың,
Қоймадағы тұзы,
Қолындағы қызы,
Бəрі де соңынан табылып,
Əреңдеп оңалған еді ғой.
Иə. Бұл да соларша табылар,
Не бар сонша таусылып тарығар.
Сұрай-сұрай Мекені де таппай ма!
Бұл күнде не көп – тау көп,
Соның бірінде жасырынып жатпай ма?
Жоқ-жоқ! Сол тауды да қарадық,
Тасты да санадық.
Сайды да сағаладық,
Өзенді де жағаладық.
Бүкіл ауыл жиналып,
Əрі ұялып, əрі қиналып.
Шұқанақты да түгендедік,
Бейнеттен басқа түк өнбеді,
Тіпті інге де үңілдік,
Ақыры титықтап түңілдік...
Бірақ:
– Біз түңілсек те аймақ түңілмеді,
«Таба алмасаң, ақпарға жүгін» деді.
Қағазда бар жерде жоқ,
Сабылмаған пенде жоқ.
Үйден безіп те біттік,
Тау-тасты да кезіп те біттік!
Сөйтсек...
Былтырғы жазда,
Ұйқы көп уайым азда,
Құдыққа жоспар беріліп,
Əркім ыңырана керіліп.
Бес жер ошақ қазылыпты,
Ол жеті құдық болып жазылыпты.
Сонымен...
Жоғалған құдық,
Таудың қойнында емес,
Адамның мойнында екен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу